Елдегі дәрігерлердің жалақысы бәсекеге қабілетсіз - Ақмарал Әлназарова

Жарияланды
Министр мемлекеттік мекемеде істейтін дәрігерлердің жалақысы бәсекеге қабілетсіз екенін айтты / Фото: shutterstock

Мемлекеттік медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысы бәсекеге қабілетсіз. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

Журналистер елдегі медициналық қызметкерлердің жалақысы мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, ауылды жерлердегі дәрігерлердің табысы қалада істейтін медициналық қызметкерлердің айлығынан жоғары.

«Мұндай айырмашылықтың себебі неде?», – деп сұрады журналист.

Ақмарал Әлназарова айлық мәселесінде мұндай айырмашылықтың бар екенін растады. Тіпті мемлекеттік мекемелерде істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысының нарықтық тұрғыда төмен екенін де жасырмады. Айтуынша, олардың жалақысы бәсекеге қабілетсіз.

«Негізі соңғы үш жылда дәрігерлердің жалақысы 2-2,5 есе көтерілді. Алайда жеке сектордың тез даумына байланысты оларда дәрігер тапшылығы бар. Соған байланысты бұл секторда медицина қызметкерлеріне бар жағдай жасалады. Сол тұрғыдан алғанда, жақсы жалақы беру мәселесінде біздің мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасап жатқан қызметкерлердің айлықтары бәсекеге қабілетті емес»,  – деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шешудің бірнеше тәсілін әзірлеген.

Біріншіден, президент тапсырмасы аясында 3 жылда дәрігерлер жалақысын 100 пайызға көтеру бойынша шаралар жалғасады.

Екіншіден, емханада істейтін дәрігерлердің жүктемесінің көп болуына байланысты оларға ынталандыру коэфиценті бойынша қаражат төлеу мәселесі пысықталып жатыр. Министрдің айтуынша, қосымша коэфиценттеріне қарай ынталандыру тәжірибесі іске қосылады. Бұл тәжірибе бұрын болған, соған қайта оралмақшы. Ынталандырудың бұл тетігі осы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап енгізілуі мүмкін. Ол қызметкердің атқарған жұмысының сапасына қарай беріледі.

Үшіншіден, министрлік еліміздегі ең тапшы мамандардың қосымша жалақысын көтеру мәселесін қарастырып жатыр. Министр бұған қатысты ұсыныстар мен есептердің әзірленіп қойғанын жеткізді.

«Ынталандыру коэфиценті бойынша төленетін қаражат саланың өзінде бар. Тек тиісті механизмі әзірленуі керек. Бұл орайда қажетті нормативтік база да әзірленген. Әзірге жүйенің қажетті деңгейде цифрландырылмауы бұл жұмыстарды тежеп тұр», – деді министр.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырма берген. Оған сәйкес медицина қызметкерлеріне жақсы әлеуметтік кепілдеме, өмір сүруге жақсы жағдай жасалуы тиіс болған. Сондай-ақ 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2025 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 550 мың теңгеден кем болмайды деп болжанған.

Сондай-ақ оқыңыз