Жаңалықтар

Прокуратура ресейлік инвестордың 240 млрд теңгелік инвестициялық жобасына көмектесті

Қостанай облысының прокуратурасы 36 инвестициялық жобаны сүйемелдеу бойынша жұмыстар жүргізген / Фото: kursiv.media

Қостанай облысының прокуратурасы 416 млрд теңге болатын инвестициялық жобаның проблемасын шешкен. Бұл жайлы Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура өңірде жалпыұлттық пулға кіретін 36 инвестициялық жобаны сүйемелдеу бойынша жұмыстар жүргізген.

«Осы жылы облыс прокуратурасының қолдауымен жалпы инвестиция көлемі 416 млрд теңгені құрайтын инвесторлардың 7 проблемалық кейсі оң шешілді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Атап айтқанда, прокуратура ресейлік инвестор «KamLit KZ» ЖШС-не көмектескен. Компанияның үш нысанында қосу-реттеу жұмыстарын жүргізу үшін газды қосу қажет болған. Алайда компания түрлі проблемаларға тап болған. Нәтижесінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ филиалы өкілдерінің қатысуымен әрі прокуратураның араласуымен жалпы құны 238 млрд теңгеден асатын, 1150 жұмыс орны құрылатын жоба кедергілері алынып тасталған.

«KamLit KZ» ЖШС-нің құрылтайшылары – «КазБелАгроЛизинг» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы, «PowerLine Handels GmbH» ЖШҚ мен «High End Assembly Technologies Motors»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде прокуратура Қытай инвесторының 75 млрд теңгелік жобасын негізсіз тоқтатып келген, тосқауылдарды жойған болатын. Қытай инвесторы өз компаниясын Сәтбаев қаласында салық төлеуші ретінде тіркегеніне қарамастан, фискалдық органдар оның жұмысына тосқауыл қойған. Фискалдық орган оның банктік шоттары бойынша операцияларын негізсіз тоқтатып, заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы сотқа талап арыз енгізген. Нәтижесінде инвестордың қызметі тоқтатылып, бұл инвестициялық жобаны іске асыру кешеуілдеген.

Нәтижесінде прокуратураның актісі бойынша талап қайтарылып, инвестордың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Ал кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылған.

Ал Қостанай облысының прокуратурасы отандық кәсіпкерлеріміздің құқығын қорғады. Прокуратура тексеріс жүргізіп, нәтижесінде облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қызметінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау жөніндегі өтінімдерді қарауда кемшіліктер тапқан.