Қазақстан мен Марокко арасында визасыз режим енгізіледі – СІМ 

Жарияланды
Қазақстандықтар Мароккода 30 күнге дейін визасыз жүре алады / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім құжатын әзірледі. Министрліктің тиісті қаулысы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Бұл құжат ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босатып, Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың дамуына мүмкіндік бермек.

«Келісімге қол қою Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға әрі ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелері үшін жеңілдетілген визасыз тәртіп орнатуға жол ашады», – делінген құжат түсіндірмесінде.

Келісімге сәйкес, екі ел азаматтары жарамды жалпыазаматтық паспорттар негізінде Қазақстан мен Морокко аумағына келу, кету, транзитпен өту, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Екі ел азаматтары бұл жағдайда 180 күн ішінде барлығы 30 күннен аспайтын уақытқа визасыз жүре алады. Егер қандай да бір елде 30 күннен артық болатын жағдай туса, визаға құжаттар өткізуі керек.

«Бір тарап мемлекетінің азаматтары екінші тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынастар арқылы саяхаттаушыларға арналған ашық пунктер арқылы кіріп шығуы және екінші тарап мемлекетінің заңнамасын сақтауға тиіс», – делінген құжатта.

Сонымен бірге бір тарап мемлекетінің аумағында болған кезде екінші тарап азаматтары жарамды паспортын жоғалтып немесе ұрлатып алса, олар өз елінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жаңа жарамды жалпы паспорт не болмаса өз азаматтығын мемлекетке қайтаруға арналған куәлігі негізінде ел аумағынан шыға алады.

Келісімге сәйкес, қоғамдық мүдделерді қорғау және екі елдің қауіпсіздігін ескеру мақсатында екі тарап бір-бірінің мемлекеттерінің аумағына кез келген жағымсыз адамдар мен үшінші елдер азаматтарының кіруін шектеу үшін барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс.

Осы келісімге қол қойылған күннен бастап тараптар күнтізбелік 60 күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы жарамды жалпы ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың үлгілерімен алмасуы керек.

Аталмыш қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілмек.

Айта кетейік, 25 мамырда Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим күшіне енді. Енді екі ел арасында азаматтар 30 күн визасыз жүре алады. Келісім екі елдің азаматтары – ұлттық төлқұжаттар иелері үшін визалық талаптарды алып тастауды қарастырады. Екі елдің азаматтары Қазақстан немесе Вьетнамға кіргеннен бастап күнтізбелік 30 күн ал 6 айдың ішінде жалпы алғанда 90 күнтізбелік күн бола алады.

Сондай-ақ оқыңыз