Жаңалықтар

Samsung-тің еншілес компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін салуды жоспарлап отыр

жаңартылатын энергия нысандарын
Кореялық компания жаңартылатын энергия нысандарын салуға ниетті екенін жеткізді / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Оңтүстік Кореяның C&T Corporation компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия нысандарын салуға ниетті. Бұл жайлы Kazakh Invest компаниясы мен Samsung C&T Corporation компаниясы өкілдерінің кездесуі барысында айтылды.

Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Samsung C&T корпорациясының Түркияның Орталық және Шығыс Еуропадағы басқарушы директоры Сонг-Чан Юнгпен кездесу өткізген. Кездесуде тараптар компанияның алдағы жоспарларын талқылап, Қазақстанның энергетикалық объектілерін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін салу және жаңғырту салаларындағы ынтымақтастық мәселесін талқылаған.

Атап айтқанда, Samsung C&T корпорациясының өкілдері жаңартылатын энергия көздері және оны сақтау, соның ішінде күн энергиясын және мамандандырылған аккумуляторларды өндіру арқылы жобаларды жүзеге асыру бағыттары бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірген. Осы орайда шетелдік компания Түркия, Румыния және т.б. елдердегі нысандарды салу және жаңғырту бойынша жобаларын таныстырып, Қазақстанның да энергетикалық нысандарын салу мен жаңғыртуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізген.

Ғабидолла Оспанқұлов тараптар арасындағы түрлі салалардағы қарым-қатынастарды дамытудың зор әлеуеті бар екенін атап өтіп, Оңтүстік Кореяның жасыл энергетикалық шешімдерді әзірлеудегі жетістіктеріне тоқталған.

«Қазақстанда оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700-ден астам компания, соның ішінде сіздің компанияңыз табысты жұмыс істейді. Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Осыған байланысты елдеріміз арасындағы инвестициялық қарым-қатынастарды дамыту жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Біз жаңа жобалар арқылы Samsung C&T корпорациясына инвестициялық және келісімшарттық қызметті жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз»,- деді СІМ өкілі.

Кездесу барысында тараптар болашақтағы энергетикалық жобаларды жүзеге асыруда ынтымақтасуға келіскен.

Айта кетейік, Қытай компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт салу мәселесін қарастырып жатыр. Sany Group Co. Ltd корпорациясы Қазақстанда жалпы қуаты 1ГВт жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруға қатысып жатыр. Жоба барысында жаңартылатын энергия көздеріне арналған мұнара, қалақ және гондола құрастыратын зауыт салу мүмкіндігін қарастырады.