Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд теңге бөлінген. Оның 106 млрд теңгесі қалаларға және 112 млрд теңгесі ауылдарға бағытталады. Бұл жөнінде Үкімет отырысында мәлім болды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сай елдегі 89 қаланың 65-і түгелімен таза су тұтынады. Шымкент, Державинск, Шемонаиха, Екібастұз және Шардара қалалары жыл соңына дейін ауызсумен толық қамтылмақ.
5 130 ауылға таза су жеткізілген. 2025 жылы қалған 1126 ауыл сапалы су тұтынатын болады. 316 ауыл орталықтандырылған су құбыры желісіне қосылады.
Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз топтық су құбырлары құрылысы бойынша баяндама жасады.
Елде 2 мың шақырым су құбырын реконструкциялау және салу жоспарланған. Жоба сәтімен жүзеге асса, 437 елдімекен сумен қамтылады. 92 мың адам тұратын 44 елдімекен орталықтандырылған сумен жабдықталады.
Мемлекеттік сараптамадан өткен соң, 5 жоба іске қосылады. Атап айтқанда, Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту – бұру және тарату желілері, Алматы облысындағы Қаскелең топтық су құбыры құрылысы, Түркістан облысындағы Сарыағаш топтық су құбыры жобасы. Нәтижесінде 200 елдімекенді сумен жабдықтау желісі жақсарады.
Ал Нұра топтық су құбырының тозуына байланысты Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарының елдімекендерін таза сумен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр.
«Жұмыстар Үкімет резервіндегі қаражат есебінен жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Нұра топтық су құбыры» РМК мен «Қазсушар» РМК бірігуі аяқталуда. Құжаттар ҚР Қаржы министрлігіі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне жолданды», — деп мәлімдеді спикер.