145 мың колледж студенті биыл мемлекеттік тапсырыспен білім алады. Ең көп грант техникалық мамандыққа оқитындарға — геологтар, энергетиктер, IT мамандары, металлургтерге бұйырады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы еліміздегі колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 60 мың орынға ұлғаяды деп күтілуде. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданған білім алушылар саны 145 мыңға жетеді.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы геология, машина жасау, энергетика, ІТ, металлургия, көлік және т.б. – техникалық мамандықтар бойынша көбейеді.
«772 техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында бүгінгі таңда 542 мың студент білім алуда. Олардың 60 пайызы жұмысшы мамандықтар бойынша дайындалуда. Қазіргі уақытта ТжКБб бойынша мемлекеттік тапсырыспен қамту 80%-ға жетті. Ал 2025 жылы жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100% тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамту жоспарлануда», – деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың абитуриент қабылданады. Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледжді шефтік қамқорлыққа алған.
Бұған дейін Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі бакалавр, магистратура және докторантураға түсу үшін келесі оқу жылына арналған гранттардың тізімін жариялаған болатын. Осы жылы жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант бөлінген. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінген. Бұл бағыттарға 19 344 грант берілген.
Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант бөлінсе, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант бөлінген. Сонымен бірге биыл алғаш рет министрлік ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар бермек. Мұндай грант түрлері «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» салаларына беріліп отыр. Бұл бағытқа 150 орын беру көзделген.