Жаңалықтар

«Жұмысына салғырт, шешім қабылдауда баяу»: Олжас Бектенов әкімдерге тағы да шүйлікті

Олжас Бектенов құрылыс мерзімін мүлдем бұзуға болмайтынын қатаң ескертті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жергілікті билік органдары жұмысына салғырт, шешім қабылдауда баяу, оған қоса ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Осылай деген Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңір әкімдерінің  жұмысына тағы да көңілі толмады. Премьер-Министр су тасқынынан бүлінген үйлерді белгіленген мерзімде әрі сапалы салуды талап етті.

Олжас Бектенов  тасқын су шайып кеткен үйлерді қалпына келтіру және үй құрылыстары бойынша жұмыстар әзірге  Солтүстік Қазақстан облысында жақсы қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті.  

«Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала-алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Бектенов, әсіресе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыруды және белгіленген мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайтынын қатаң ескертті.

«Сондай-ақ көптеген өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықты алып тастап, кәдеге жарату қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

28 мамырда өткен Үкімет отырысында Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру мен құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтқан болатын. Премьер-Министр сол кезде Өнеркәсіп министрлігі мен өңір әкімдеріне су тасқынынан келген шығынды бағалау жұмыстарын апта соңына дейін аяқтауды тапсырған еді.