Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үш ай бұрын ауысқан бірыңғай уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын айтты.
БАҚ өкілі ведомство басшысының уақыт белдеуіне қатысты ақпан айында айтқан сөзін еске салды.
«Сіз «Жаңа уақыт белдеуі халықтың денсаулығына оң әсер етеді деп есептеймін» деген болатынсыз. Бірақ бұрынғы уақыт белдеуін қайтару үшін петицияға қол қойып жатқан азаматтар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындарды айтуға болады. Онда уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты тұрғындарға психологиялық, физикалық жүктеме түскен. «Ертерек тұратын болдық, ұйқымыз қанбайды, жұмысымыз өнбейді» деп тұрғындар шағымданып жатыр. Сіздің қазіргі ойыңыз қандай?»,- деп сұрады БАҚ өкілі Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Ақмарал Әлназарова бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданғанын айтады. Сондай-ақ уақыт белдеуі азаматтардың денсаулығына кері әсер еткен жоқ деп есептейді.
«Негізі сағат белдеуі мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Бұл жұмысқа еліміздегі ғылыми орталықтар тартылды. Мысалы, физиология институты, Фесенков атындағы астрофизика институты. Сондықтан бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданды. Екіншіден, сағат белдеуі өзгергеннен кейін емханалар мен ауруханаларға науқастардың айтарлықтай түсіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Бүгінгі таңда денсаулыққа кері әсер еткен жоқ деп айтуға негіз бар»,- деп жауап берді министр.
Ақмарал Әлназарова уақыт белдеуін қайтару мәселесін негізінен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары көтеріп отырғанын жеткізді. Дегенмен халықтың денсаулығына қатысты ешқандай мәселе туындамағанын нақтылап өтті.
Еске салсақ, 7 маусым күні сағат белдеуіне байланысты петицияға 50 000 адам қол қойды. Енді Үкімет осы петицияда қозғалған мәселені қарауға тиіс.
Тұрғындар сағаттың теңестірілуі биоритмге, жұмыс кестесіне, оқуға және демалуға кедергі келтіреді деп шағымданған. Қол қойғандар жаңа өзгеріс адамдардың жұмыс қабілетіне кері әсерін тигізеді деп санайды. Петиция Сауда және интеграция министрлігіне бағытталған.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бірыңғай сағат белдеуіне көшкеннен кейін Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 1-2%-ға өскенін растады. Бірақ осыған байланысты тұтынушылар шағымдана қоймаған.
Сауда министрлігі есебінше, елдегі 15 миллион адам 1 сағат кері шегерілгеніне бейімделуі тиіс. Бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне кейбір аймақтың тұрғындарының көңілі тола қоймады. Үкімет петиция қаралғаннан кейін шешім қабылданатынын мәлімдеді.