Жаңалықтар

Еуроодақ шілдеден бастап Қытай электромобильдерін әкелуге баж салығын енгізеді

Брюссельдегі Еурокомиссия кеңсесінің алдында тұрған электромобиль / Фото: Shutterstock

Еурокомиссия сәрсенбі күні авто өндірушілерге шілдеден бастап Қытайдан электр көліктерін әкелуге қатысты тарифтің өсетінін хабарлады деп жазды Financial Times. Осы ресми мәлімдеменің қарсаңында қытайлық электр көлік өндірушілердің акциясы арзандады.

Толығырақ

Еурокомиссия шілдеден бастап Қытайдан электромобиль әкелуге 25%-ға дейін қосымша баж салығын енгізуге шешім қабылдады. Бұл жаңалықты FT-ге осы ақпараттан нақты хабары бар адамдар жеткізген. Баж салығы әзірге қарашадағы негізгі дауыс беруге дейін уақытша енгізілмек. Жоспар бойынша, жаңа тариф ЕО бюджетіне миллиардтаған еуро пайда әкелуі тиіс. Өйткені ол жақта қазір қытайлық электр көліктердің сатылымы артып жатыр дейді басылым.

Rhodium Group сарапшыларының мәлімдеуінше, Қытай өткен жылы ЕО елдеріне 10 млрд еуроға электромобиль экспорттаған. Осылайша оның Еуропа нарығындағы үлесі артып, 8%-ға жеткен. Еуропадағы қосымша баж салығын тек қытайлық авто өндірушілер ғана төлемейді. Бұл тізімге басқа да шетелдік компаниялар, мысалы, Қытайда зауыттары бар америкалық Tesla да ілінбек.

Акцияның жайы

ЕО баж салығын енгізетіні жайлы ресми мәлімдеме жасар алдында, Гонконг биржасында қытайлық электромобиль өндірушілердің акциясы арзандады. Nio компаниясының қағаздарының құны 7,9%-ға құлдырады. Volvo иелік ететін Geely акциялары 5% жоғалтты. Li Auto акциялары  3,3%-ға арзандады. Ал Tesla-ның басты бәсекелесі BYD компаниясы нарықтағы құнының 2,9%-ынан айырылды. Tesla болса  Нью-Йорктегі сауда басында 0,7%-ға төмендеді.

Сейсенбі күні трейдерлер теңіз жолымен жүк тасымалдайтын логистикалық компаниялардың акциясын жаппай сатылымға шығарды. Рейтинг жөніндегі Fitch агенттігінің мәліметі бойынша, осы жағдайларға байланысты қытайлық порттар АҚШ-қа шығарылатын экспорттың азаюына дайындалып жатыр.

Контекст

Қытайлық электромобильдерді тасымалдауға қатысты баж салығын көтеруді Франция мен Испания қолдап отыр. Ал Германия, Швеция және Венгрия бұл қадамды құптамайтынын мәлімдеді. Өйткені олар Бейжің бұған дейін ескерткендей, Қытай қарсы шара қабылдайды деп қауіптенеді. Азық түлік пен сәнді бұйымдарды экспорттайтын Италия және басқа да елдер Қытайдың өніміне қысым жасап, оның шамына тиюдің қажеті жоқ деп санайды.

Мақалада ЕО-ға мүше елдер тарифке қатысты 2 қарашаға дейін дауыс береді. Тұрақты баж салығы әдетте 5 жылға енгізіледі деп жазылған.

Сонымен қатар еуропалық авто өндірушілердің көбісі қосымша баж салығын енгізуді сынап жатыр. FT олар Қытай да қарымта қайтарып, өз нарығын шетелдік компаниялар үшін жауып тастайды деп қауіптеніп отырғанын айтады. 2022 жылы  Қытайда сатылған барлық электромобильдің 6%-ға жуығы – еуропалық брендтердің өнімі.