Мұнай бағасы, АҚШ-тағы инфляцияға қатысты болжамдар, Еуропадағы нарықтың құлдырауы

Жарияланды
Мұнай бағасы, АҚШ-тағы инфляцияға қатысты болжамдар / Shutterstock

АҚШ-та тұрғын үйді жалға алу бағасының төмендеуі тоқтап қалды, бұл – көпке дейін инфляция жоғары деңгейде тұрады деген сөз, ал Еуропада саяси толқуға байланысты негізгі қор индекстері әлі құлдырап жатыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы 11 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Еуропалық акциялар арзандап барады: нарықты Франциядағы күйзеліс алаңдатып отыр

Еуропалық акциялар сейсенбі күні, 11 маусымда арзандады деп жазады Reuters. Франциядағы саяси белгісіздік пен АҚШ-тағы ФРЖ отырысын ойлап, инвесторлардың көңілі алаң. Жалпы құрлықтық STOXX 600 сауданы 0,9% -ға кемумен аяқтады, бұл – екі апта ішіндегі ең үлкен бір күндік құлдырау болды. Лондондағы FTSE 100 индексі дүйсенбі, 10 маусымдағы деңгейінен шамамен 1% -ға төмендеп барып жабылды.

ЕОБ бас экономисі Филипп Лейн реттеуші айтарлықтай инфляциялық қысымды ескере отырып, экономикалық өсімді алда да тежеп, мөлшерлемені төмендетпей күте тұруға тиіс деп мәлімдеді.

Жалдау бағасы тоқырап тұр, демек АҚШ-та инфляция әлі жоғары деңгейде тұр деген сөз

Realtor.com сайты жариялаған жаңа баяндамадан кезінде АҚШ-та тұрғын үйді жалға алу бағасының күрт төмендеуі қарқыны тоқтап қалғаны көрінеді, сондай-ақ бұл – инфляция әлі біраз уақыт жоғары деңгейде тұрады деген белгі деп жазады FOX Business. Баяндамада берілген есепке сәйкес, мамыр айында тұрғын үйді жалдаудың орташа бағасы $1 732 болды, яғни сәуірге қарағанда 10 долларға артық және 2019 жылдың пандемия басталғанға дейінгі осы кезеңімен салыстырғанда, 306 долларға жоғары.

Тұрғын үйді жалға алу бағасының инфляцияға деген ықпалы жоғары және бұл жағдай ұзаққа созылуы мүмкін делінген есепте. Мәселе ұсыныстан асып түсетін сұраныста. АҚШ Халық санағы бюросының деректеріне сәйкес, елдегі үй шаруашылықтарының шамамен 34%-ы тұрғын үйді жалға алады. Егер табысы 31,1 мың доллар медианалық ұлттық көрсеткішінен төмен отбасылардың іріктемесіне қарайтын болсақ, онда олардың 52,6%-ы жалға алушы.

ОПЕК әлі күнге дейін мұнайға сұраныс өсіп жатыр деп санайды

ОПЕК 2024 жылдың екінші жартысында мұнайға сұраныс артады деген болжамынан айныған жоқ деп хабарлайды Bloomberg. Картельдің есептеуі бойынша, әлемдік мұнай тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәулігіне 2,3 млн баррельге дейін ұлғаяды. Бұл – бірінші жартыжылдыққа қарағанда күніне шамамен 150 мың баррельге артық деген сөз. Бұған Қытайдағы және басқа дамушы елдердегі экономикалық өсу әсер етуде.

Маусымның басында ОПЕК 2024 жылдың қазан айынан бастап күніне шамамен 2 млн баррельге дейін өндірісті біртіндеп қалпына келтіру жоспарын жариялады. Осыдан кейін баға 4%-ға төмендеді.  Бірақ өндірісті тоқтату немесе шегере тұру туралы мәлімдемеден кейін, ол қайта көтерілді.

Мұнай Лондонда барреліне 80 доллар деңгейінде саудалануда, бұл сәуір айындағы ең жоғары деңгейден 12%-ға төмен. Ал ОПЕК-тің өткен жылғы болжамдары әсіре оптимистік райда болған еді. Уақыт көрсеткендей, баға 19%-ға төмендеді. Сондықтан альянс нарықты қолдау үшін, өндірісті мейлінше қысқартатынын жариялауға мәжбүр болды.

Трежериз кірістілігі күрт құбыла қалса да, нарықтар тып-тыныш отыр

АҚШ-тағы облигация мен акция нарығында қызық жағдай орнаған: жақында екі бағытта да қазынашылық облигациялар кірістілігі құбылып тұрса да, инвесторлар тыныш отыр деп жазады Market Watch. ICE BofAML қазынашылық бондтары нарығында күтілетін құбылмалылық көрсеткіші, сондай-ақ CBOE (VIX) жалпы құбылмалылық индексі соңғы жылы іс жүзінде өзгерген жоқ. Kroll Bond Rating Agency рейтингтік агенттігінің бас стратегі Ван Хессердің пікірінше, «инфляция төмендеп, ал экономика ақырындап баяулап бара жатқанын» білген соң инвесторлар тыныш отыр.

«Корпоративтік кірістердің өсуі ойдағыдай, тұтыну шығыстары өсу үстінде. Алайда белгісіздік сақталып отыр, бұған жақында 4%-дан 4,75%-ға дейін құбылған 10 жылдық облигациялардың кірістілігі дәлел… Алайда, жалпы, инвесторлар қайтадан кірістілікке ден қойды, осының арқасында нарықтағы құбылмалылық төмендеді», – деп атап өтті Хессер.

«Тарих көрсетіп отырғандай, тек дағдарыс қана облигация ұстаушылар үшін «дұрыс» бағыттағы облигациялар нарығының құбылмалылығын арттырады, – деп жазады DataTrek Research-тің стратегтері Николас Колас пен Джессика Рабе. – Сондықтан біз қазынашылық облигациялардың кірістілігі макроэкономикалық жағдай өзгермейінше осы немесе осыған таяу деңгейде қалады деп күтеміз».

Сондай-ақ оқыңыз