JPMorgan Chase & Co сарапшысы Райан Брикман Tesla Robotaxi қызметі 2027 жылдан ерте іске қосылуы неғайбыл деген ойда. Жоспар бойынша сол жылы жаңа көліктерді құрастыру ісі жүйелі жолға қойылуы тиіс.
Сарапшы инвесторларға акцияларды сатуға кеңес берді, өйткені баға әлі де құлдырайды деп санайды. Сейсенбіде Tesla-ның бағасы 2%-ға жуық төмендеді, ал жыл басынан бері санағанда құлдырау 30%-дан асты.
Толығырақ
Robotaxi-дің арқасында авто өндірушінің бизнесі жанданады деп сенген Tesla инвесторларының үміті ақталмауы мүмкін деп жазады JPMorgan Chase & Co сарапшысы Райан Бринкман. Ол жуырда ғана Tesla-ның инвесторлармен байланыс жөніндегі директорымен кездескен болатын.
Bloomberg Бринкманның: «Tesla Robotaxi-дің тұжырымдамасын 8 тамызда жариялап, соған қатысты қосымшасы мен бизнес-моделі жайлы жан-жақты айтып береді деп күтіп отырмыз. Алайда компания бұл бизнестен жақын жылдары айтарлықтай табыс табады деп ойламаймыз» деген сөзін жариялады.
Robotaxi қашан шығады?
Сарапшының айтуынша, Tesla Robotaxi-ді жаңа буынға тиесілі автокөліктердің платформасында жасауды көздейді. Ал бұл жоба компания жаңа өндірістік қуатына толық көшпейінше жүзеге асуы екіталай. Оған әлі бірнеше жыл керек.
Tesla өкілінің сөзіне сүйенген Брикманның айтуынша, Robotaxi жасайтын жаңа платформа шамамен 2027 жылға дейін дайын бола қоймайды. Tesla роботакси шығаруға қажетті инфрақұрылымның негізгі бөлігін әлі жасап біткен жоқ. Сонымен қатар компания пилотсыз көлікті жалпыға ортақ жолдарда сынақтан өткізуге реттеуші органдардың рұқсатын да алмады деп жазады Bloomberg.
Tesla-ның тағы бір жаңалығы
Бринкман 2025 жылға қарай қолданысқа енетін арзан көлік үлгілерінің арқасында Tesla-ның табысы артуы мүмкін екенін айтады. Ол бұл ақпаратты компанияның инвесторлармен байланыс жөніндегі командасынан естіген. Бұл электромобильдер қазіргі қолданыстағы құрастыру жүйесі мен ескі платформада жасалады.
Сәуір айының соңында Tesla-ның бас директоры Илон Маск инвесторлармен сөйлесіп, электромобильдердің жаңа үлгілерін тездетіп шығаруға уәде берген еді. Бұл көліктердің бағасы қолжетімді болмақ, ал оның өндірісі «осы жылдың соңында немесе 2025 жылдың басында» іске қосылады деген еді.
Tesla-ның жаңа өнімді таныстыру тұжырымдамасында: «Біз болашақ электромобильдердің тізімін жаңарттық және жаңа үлгілерді шығаруды бұрынғы жоспардан ертерек бастаймыз. Өндіріс 2025 жылы іске қосылады. Бұл бағасы қолжетімді жаңа автокөліктерді жасауда келесі буынға тиесілі платформаның кейбір элементтері қолданылады. Сонымен қатар, қазіргі қолданыстағы платформаның кей бөліктерін, қазіргі электромобильдеріміз жасалып жатқан өндіріс орнын пайдаланамыз», – деп жазылған.
Сарапшылар не дейді?
Райан Бринкман Tesla акциясына қатысты Underperfom-ның бағалауын жариялады. Бұл бағалау бойынша, компания қағаздарының нарықтағы бағасы төмен болып тұр. Сарапшы мақсатты бағаны 115 доллар деп белгіледі, бұл 32%-дан аса құлдырауды білдіреді.
Сейсенбідегі сауда нәтижесі бойынша Tesla акциясы 1,8%-ға арзандады. Ал күндіз құлдырау көрсеткіші 3,7%-ға дейін құлады. Жалпы жыл басынан бері компания 30%-ға жуық арзандаған.
MarketWatch-тің мәліметі бойынша, Тесла акциясына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы 182,81 доллар болып тұр. Бұл сейсенбідегі сауданың жабылу бағасынан 7%-ға жоғары. Компания қағаздарын бақылап отырған 53 сарапшының 22-сі акция сатып алуға кеңес береді. Ал 20-сы портфельде ұстауды ұсынса, қалған 11-і компания акцияларын сату керек деп санайды.