Сарапшылар арасында «халықтың әл-ауқатының жақсаруы бала туу көрсеткішінің төмендеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін» деген пікір бар. Расында, соңғы жүз жыл бедерінде табыс деңгейі жоғары елдерде бала туу біршама азайған. Жапония, Германия, Италия және Испания сияқты елдерде туу көрсеткіші 20 жыл көлемінде әр әйелдегі бала саны 2 немесе одан да төмен болып отыр. Өз кезегінде бұл әрбір жаңа ұрпақ алдыңғы ұрпақтың төрттен үш бөлігінен аз екенін білдіреді және оның соңы демографиялық қартаюға ұласады. Кәрі адамдар үлесінің артуы экономика және әлеуметтік қамтудың орнықты жүйесі үшін проблемалар туғызады.
Бұл мәселеге AERC сарапшылары The Economics of Fertility: A New Era басылымы жария еткен зерттеуге сілтеме жасай отырып талдайды. Бала туу турасындағы экономикалық зерттеу негізінен кеңінен етек алған үрдістерге,, яғни туу мен табыс арасындағы, сондай-ақ туу мен әйелдердің жұмыс күшіне қатысуы арасындағы теріс қатынастарға қатысты болып келеді.
Бұл орайда экономистер 2 негізгі түсініктемені алға тартады:
- Ата-аналар «байыған» сайын олар өз балаларының «сапалы» адам атануына көбірек қаржы бөле бастайды (мәселен, біліміне). Ондай инвестицияның құны өте қымбат болғандықтан, өмірге ұрпақ әкелуді мейлінше азайтқан дұрыс деген тоқтамға келеді.
- Тиісінше, бала тәрбиесі көп уақытты алады. Жалақы өскен сайын балаларға бөлінетін уақыт азаяды. Бұл әсіресе аналар үшін тым қымбатқа түсе бастайды. Нәтижесінде әйел аз туады және әйелдердің жұмыс күші ретіндегі рөлі де төмендейді.
Осылайша, әлемде түбегейлі экономикалық трансформация жүрді. Әйелдің тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін еңбек нарығынан кетуі қалыпты жағдайға қарағанда ерекшелік болып санала бастады. Қазіргі уақытта әйелдердің көбісі толыққанды мансапты да, толыққанды отбасылық тіршілікті де жолға қоюды қалайды. Тарихи парадигма тұрғысынан қарағанда бұл өзгерісті гендерлік рөлдердің күрт бөлінуінің ұзақ кезеңінен кейін, әйелдер мен ерлердің ортақ өмірлік жоспарларының жақындасуының нәтижесі деп түсіндіруге болады. Соған қарамастан, бүкіл елде әйелдің карьерасы мен отбасылық өмірін қаншалықты біртұтас қарауға болады деген мәселе бойынша әр алуан пікір бар. Аталған жағдайды төрт фактормен түсіндіруге болады: отбасылық саясат, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, қолайлы әлеуметтік нормалар және еңбек нарығындағы жағдай.
Отбасылық саясат
Әйелдің карьерасы мен отбасылық өмірін біріктіре алатын маңызды фактор ретінде бала күтіміне қатысты қызметтерге (балабақша, бала күтуші жалдау деген секілді) деген қолжетімділік деңгейін атап айтуға болады. АҚШ-та аталған қызметтер негізінен жеке нарықта ұсынылса, еуропалық елдерде бала күтіміне қатысты қызметтерді мемлекет ұсынады. Бала күтіміне байланысты арзан әрі тез қолжетімді қызмет түрі әйелдердің қолын босатып, жұмысы мен отбасылық тіршілігін үлгеріп атқаруға мүмкіндік береді. Бұл түптің түбіне бала туу көрсеткішінің артуына алып келеді. Мысалы, Швеция және Дания елдерінде жалпы ішкі өнімнің басым бөлігі мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру бағытына жұмсалады. Сөйтіп бала күтіміне қатысты мемлекеттік қызметтер барлық жастағы бала үшін кең ауқымды түрде қолжетімді болады. Ал туу және әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейі бала күтіміне қатысты қызметтердің қолжетімділігі төмен елдерден әлдеқайда жоғары қалыптасады.
Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі
Бала күтіміне қатысты қызметтерді бөлісіп атқару да туу көрсеткішіне тікелей әсер етеді. 2019 жылғы Doepke және Kindermann зерттеуінде әкелер бала күтімі мен үй жұмысына көбірек көңіл бөлетін елдердегі туу көрсеткіші бүкіл міндет тек әйелге артылып қойылған елдерден жоғары екені анықталған. Жапонияда ерлер бала күтіміне тым аз атсалысады, салдарында бұл елдегі туу көрсеткіші өте төмен деңгейде қалып отыр.
Әлеуметтік нормалар
Сонымен қатар туу көрсеткішінің төмен деңгейінің себебі қоғамдағы дәстүрлі әлеуметтік нормаларда жатуы да бек мүмкін. Мысалы, Германияда әлі күнге дейін толық уақыт жұмыс істейтін ананы Rabenmutter (нашар ана) ретінде сипаттау жиі кездеседі.
Еңбек нарығындағы жағдай
Жұмыс орындары уақытша немесе өмір бойы болып екі деңгейлі еңбек нарығы қалыптасқан Испанияда әйелдер алдымен тұрақты жұмысқа орналасу үмітімен бала тууды кейінге қалдырады. Еңбек нарығындағы аталған ахуал бала туу көрсеткішіне жағымсыз әсерін тигізіп отыр. Ал жұмысты жеңіл әрі сенімді табатын елдердегі туу көрсеткіші әлдеқайда озық.
«Бала туу деңгейі өте төмен елдерде бала туудың жаңа экономикасы қарапайым және шұғыл шешімдерді ұсынбайды. Қоғамдағы әлеуметтік нормалар және ата-ана тәрбиесіндегі әкелердің рөлі сияқты фактор уақыт өте келе тым баяу өзгереді, тіпті саясати өнімді шаралардың өзі тек біртіндеп әсер етуі мүмкін. Дегенмен әр елдегі әйелдердің отбасы мен жұмысты тең ұстауға қатысты әр алуан көрсеткіштеріне қарап туу көрсеткішінің төмен болуы әлі де жалғасатынын көрсетеді», – дейді зерттеушілер.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың қаңтар-ақпанында туу деңгейі 1000 адамға 19,13-тен тиесілі болған. Бұл ретте қала халқына қарағанда ауыл халқының туу көрсеткіші жоғары.
2001 жылдан 2008 жылға дейін туу коэффициенті 14,91-ден 22,81-ге дейін айтарлықтай өскен. Одан кейін өсім баяулап қалған, ал 2021 жылы көрсеткіш өзінің ең шырқау шегіне жеткен – 23,5. Алайда соңғы жылдары туу коэффициенті төмендей бастады. Әйелдер санындағы әйелдер жұмыс күшінің үлесіне келетін болсақ, соңғы жылдары көрсеткіш төмендеп кетті. Ең жоғарғы көрсеткіштер 2007-2013 жылдары байқалған. Аталған көрсеткіш орташа алғанда 63,3-66,8 пайыз аралығында құбылып тұрады.
Соңғы екі жылда туудың жиынтық коэффициенті (репродуктивті кезеңде (15-49 жас) орта есеппен бір әйелден туған балалар саны) да төмендеуде. 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,96 құрады. Бұл ретте қалалық жерлерде – 2,63, ал ауылдық жерлерде – 3,59. Қазақстанда ең жоғары туу көрсеткіші Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-батысында – Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалады. Ең төмен туу көрсеткіші еліміздің солтүстік өңірлерінде – Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында тіркелді.
«2023 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі 5,2 пайызды құрады. Кедейліктің ең жоғарғы деңгейі Түркістан облысында (9 пайыз) байқалады. Бұл өңір туу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында тұр. Айта кету керек, туу көрсеткіші төмен облыстарда кедейлік деңгейі ортадан төмен емес шамада: Солтүстік Қазақстан облысында – 4,9 пайыз, Қостанай облысында – 3,5 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 4,2 пайыз, Павлодар облысында – 3,9 пайыз және Қарағанды облысында – 3 пайыз. Сонымен қатар кедейлік деңгейі – өте төмен өңірлерде (Астана қаласында, Атырау облысында) туу көрсеткіші ортадан жоғары», – деп мәлімдейді зерттеу авторлары.
Өңірлердегі көрсеткіш
Сонымен бірге туу көрсеткішінің жиынтық коэффициенті де елдегі өңірлік дифференциацияны айғақтайды. Мысалы, былтыр Солтүстік Қазақстан облысында бүкіл репродуктивті кезеңде бір әйелден туған балалардың орташа санын сипаттайтын туудың жиынтық коэффициенті 1,82 құрады. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш 4,39 болды. Жалпы алғанда, елдегі туу көрсеткіштері соңғы жылдары өсімнің баяулауына қарамастан, халықтың тұрақты санын ұстап тұру үшін қажетті көрсеткіштен асып, бүгінгі күні жақсы деңгейде қалып отыр.
«Елдің үлкен аумағы әр аймақта өзінің ерекшеліктері мен менталитетінің дамуына ықпал етті. Қазақстанда туудың өңірлік саралануы байқалады: оңтүстікте және оңтүстік-батыста туу деңгейі жоғары, ал солтүстікте халықтың депопуляциясы орын алуда. Оңтүстік аймақтарда туудың жоғары деңгейі халықтың ұрпақ сүю жүйесіне әсер ететін діни және дәстүрлі өмір салтымен байланысты»,– дейді авторлар.
Олардың пайымынша, қазір Қазақстандағы әйелдердің 3 түрлі типі бар:
- Дәстүрлі ойлау сеніміндегі әйелдер: олардың басты мақсаты – тұрмысқа шығу, бала туу және оны тәрбиелеу;
- Модернизацияланған әйелдер – бұлар ең бірінші кезекте өзінің кәсіби тұрғыда және мансап жолында дамуын ойлайтын әйелдер;
- Әйелдердің аралас түрі – карьераны да, үлгілі ана болуды да қатар алып жүргендер.
«Мансапты да, отбасылық тіршілігін де қатар жымдастырып алып жүрген әйелдердің көбеюі елдің демографиялық өсіміне ғана емес, экономикалық әл-ауқатқа да оң әсер етеді. Жұмыс пен отбасын үйлестіру оңай шаруа емес, дегенмен оны істеуге болады. Бұл ретте отбасының көмегі мен қолдауы айырықша көмегін тигізеді. Әсіресе, күйеуінің бала күтіміне қатысты міндеттерді бөлісе алуы маңызды. Бұл ретте әкенің де, шеше тәрізді балаға қатысты тең құқылы жауапкершілікке ие екенін ұмытпау қажет. Бала күтімі бойынша альтернативті қызметтердің қолжетімділігі және мемлекеттік қолдау да аса қажет. Қазақстанда мектепке дейінгі білім берумен айналысатын жеке ұйымдар да, мемлекеттік мекемелер де бар. Бұл ата-аналардың қаржылық жүктемесін жеңілдетуге себеп болады. Бірақ Қазақстанда омыраудағы бөбектерге арналған мекемелер жоқ, дегенмен оның орнын жекелеген бала күтуші қызметі немесе аталған кезеңде (емізу кезеңінде) жақын туыстарының көмегі баса алады. Мысалы, Францияда сәбилерді 12 аптасынан бастап қабылдап алатын балалар ұйымдарының қызметі кең тараған. Алайда мұндай мекеменің жетіспеушілігіне байланысты бәрі бірдей орын ала алмайды және француз әйелдері де жеке бала күтушісінің қызметіне жүгінуге мәжбүр болады», – дейді авторлар Қазақстан және әлем тәжірибесін байланыстыра талдай отырып.
Қорыта айтқанда, сарапшылар гендерлік теңдікке, әсіресе әлеуетті аналарды жұмысқа орналастыру перспективасына инвестиция құю Қазақстан үшін қысқамерзімді перспективада ауыр тиюі мүмкін екенін айтады. Бірақ бұл бастаманың ұзақмерзімді перспективадағы тиімділігі экономика үшін де, қоғам үшін де пайдалы болмақ деп тұжырымдайды зерттеулерін.