Корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы банкке айналуы мүмкін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев корейлік BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымының банкке айналуын қолдайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен бірлескен мәлімдемесінде айтқан.
«Елімізде BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Мен оны екінші деңгейлі банкке айналдыруды қолдаймын», – деді Президент.
BNK Finance Kazakhstan Қазақстандағы қызметін 2018 жылы бастаған. МҚҰ жалғыз акционері – оңтүстік кореялық BNK CAPITAL компаниясы. 2024 жылдың наурыз айында «БиЭнКей Финанс Қазақстан» МҚҰ» ЖШС акционерлік қоғам болып қайта құрылған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов ұйымның банктік лицензияны 2024 жылдың желтоқсанында ала алатынын айтты.
«7 маусымда BNK Finance-ті екінші деңгейлі банк ретінде тануға рұқсат бердік. Алты ай ішінде олар техникалық іс-шараларды өткізеді. Кеңселерін дайындап, жабдықтар сатып алып, қызметкерлер жалдайды. Ұйымға желтоқсан айында банктік лицензия береміз деп күтеміз. Банк ретінде лицензия алған кезде жұмыс істей бастайды», – деді Қизатов Астанадағы Қазақстан-Корея бизнес-форумы аясында журналистерге.
Қизатов агенттік BNK Finance-тің Қазақстанның банк нарығына кіруін оң бағалайтынын айтты.
«BNK Finance-тің банк нарығына кіруіне жалпы оң көзқараспен қараймыз. Себебі BNK Global Finance тобының өзі өте үлкен кореялық Қаржы корпорациясы, олардың әлемнің көптеген елдерінде бөлімшелері бар», – деп түсіндірді Қизатов.
Ұлттық банк мәліметі бойынша, аталмыш микроқаржы ұйымының активтері 20 миллиард теңгеден асады. 227 МҚҰ арасында 13-орында тұр. Оның несие портфелі 18,8 млрд теңгені құраса, меншікті капиталы 7,3 млрд теңгеге тең. Микроқаржы ұйымының міндеттемелері 12,9 млрд теңгеге жеткен.
BNK Finance Kazakhstan банкке айналғысы келетін алғашқы МҚҰ емес. 2023 жылы «KMF» ЖШС микроқаржы ұйымы жарғылық капиталын ұлғайтып, оған қоса ЖШС-дан акционерлік қоғамға айналатыны мәлім болды. Соған сәйкес микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы 50 008 939 084 теңгені құрайды. KMF резерв капиталы таратылып, бөлінбеген пайда шотына аударылып, сосын ЖШС-нің барлық қатысушысы арасында бөлу туралы шешім қабылданды. Биыл ол жыл соңына дейін банкке айналу процесін аяқтауды жоспалап отыр.
Сонымен қатар Solva микроқаржы ұйымы да дивиденд төлеп, банкке айналуға дайындалып жатқаны хабарланған. 2022 жылдың желтоқсанында Solva қайта құрылымдау туралы жариялады. «ОнлайнКазФинанстың» 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы есептерінде МҚҰ «келесі бір жыл ішінде» банкке айналуы керектігі жазылған және конверсияға рұқсат алу үшін АРРФР-ге өтініш дайындайды. Трансформациядан кейін ұйым «ШОБ үшін №1 банк болуды» және кепілсіз қаржыландыруды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Қазіргі кезде Қазақстанның банк секторында 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді.