Кеңес Рақышевтің 2023 жылы шығынға батқан Fincraft Resources компаниясы дивиденд төлемейді. Қазақстан қор биржасына компания акционерлерінің жылдық жалпы жиналыста шешкен шешімі жолданған.
«Өткен 2023 қаржы жылы үшін компанияның қарапайым акциялары бойынша дивиденд есептелмесін және төленбесін», – деген хабарламада.
Өйткені компания бірнеше жыл қатарынан шығынға батқан. 2023 жылы 655 млн теңге шығын алған. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе артық. Қазіргі кезде компанияның жалпы шығыны 2,8 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар директорлар кеңесі компанияның қаржы есебін бекітіп, кеңес құрамын жасақтаған.
Меншікті капиталы бір жыл ішінде 12,3 млрд теңгеден 15,5 млрд теңге болған. Ал жиынтық актив көлемі 19,5 млрд теңгеден 22,3 млрд теңгеге дейін өсіпті.
Компания міндеттемелері былтыр 0,5 млрд теңгеге қысқарған. 2022 жылы міндеттемелері 7,2 млрд теңге болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 6,7 млрд теңгені құраған.
Fincraft Resources акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа тиесілі. Компанияның түпкілікті бенефициары – кәсіпкер Кеңес Рақышев. Кеңес Рақышев осы компаниясы арқылы BMT Holding Limited жеке компаниясы (100%), «SAT Nikel» ЖШС (100%), «Ертіс ферроникель комбинаты» ЖШС (93,4%), SAT Petrochemicals (100%), «Центрально-Азиатская инвестиционно-консалтинговая компания» ЖШС (99,9%) компанияларына иелік етеді.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында топ «Казникель» ЖШС-нің үлесін (74%) BMT Nico-ға сатуды аяқтамақ. АХҚО-да 2023 жылдың мамырында тіркелген аталмыш компания да Resources-тың иелігінде. «Казникель» ЖШС-ні сату туралы шешім де 2023 жылдың шілде айында шығарылған.
Былтыр тамызда инвестиция нарығының ойыншылары қатарынан Рақышевтің Fincraft инвестициялық үйі шығып қалды. Компания брокерлік-дилерлік қызмет пен инвестициялық портфельді басқаруға рұқсат беретін лицензиясы тоқтатылғаны туралы хабардар етті. Fincraft ең ірі басқарушы он компанияның қатарында болатын – ашық көздердегі соңғы статистикалық деректерге сай, компания активтері 11,3 млрд теңгені құраған.