Жаңалықтар

Банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие бюросына клиент қарызы туралы толық ақпарат ұсынуы міндеттелмек

Несие бюросына қарыз туралы толық ақпарат берілуі тиіс. Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарын несие бюросына жеке тұлғаларға берілген микрокредит туралы толыққанды ақпарат беруін міндеттемек. Агенттіктің қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Онда несие алуға өтініш беру күні мен нәтижесі, несие келісіміне енгізілген өзгерістер, соңғы төлемнің күні мен сомасы, сондай-ақ «тараптардың келісімі бойынша өзге де ақпарат» болуы тиіс.

Банктік қарыз немесе микрокредит шарт бойынша өндіріп алуды қолдану негіздемесі мен күні туралы мәліметтер де жазылуы керек.

Қарыз коллекторлық агенттіктерге өтіп кетсе, олар да несие бюросына несие шарты туралы мәлімет ұсынуы тиіс. Онда талапты беру күні, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, берілген құқықтың (талаптың) сомасы, қандай банк талап етіп отыр, бәрі жазылуы шарт. Сонымен қатар өндіріліп алған қарыз сомасы мен күн көрсетілуі керек.

Бұған дейін шағын несие беру тәрбітінде өзгеріс енгізілетіні хабарланған. Енді микронесиені электронды түрде алғысы келгендер биометриялық тексерістен өтуі тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» қаулыға өзгеріс енгізген.

Микронесиені онлай беру ережесіне 2023 жылы да өзгеріс енгізілген еді. Ол кезде клиентті тіркеу/авторизациялау рәсімін жеңілдету мақсатында мобильді қосымшада микрокредит алу тәсілін, сондай-ақ микроқаржы ұйымы қабылдағаннан кейін клиенттің банктік IBAN шотының және төлем карточкасының деректемелерін көрсету міндеттелген. Содан кейін ғана микрокредит беру туралы оң шешім шығарылатын болады.