Қазатомөнеркәсіп Инкай кен орнында уран өндіруге жаңа келісімшарт алды
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ Инкай кен орнының №3 учаскесінде уран өндіруге жаңа келісімшарт алды. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталмыш кен учаскесінен компания алдағы 4 жылда 701 тонна уран алуды көздеп отыр.
«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен тікелей келіссөздер нәтижесінде 2024 жылғы маусымда жасалған бұл стратегиялық маңызды келісімшарт біздің компания үшін кезекті қадамды білдіреді», – делінген хабарламада.
Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан кен орны – Қазақстанның негізгі уран кен орындарының бірі. Кен орнының №3 учаскесіндегі уран қоры шамамен 83,1 мың тоннаға бағаланады.
«Бұл келісімшарт біздің тұрақты өсу стратегиямызда ерекше маңызды. Инкай кен орнының № 3 учаскесінде тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірістің басталуы Түркістан облысының дамуына және компанияның минералдық-шикізат базасын толықтыруға елеулі үлес қосады, әлемдік уран саласындағы көшбасшы ретіндегі біздің позициямызды нығайтады, бұл таза энергияға жаһандық сұраныстың артуы жағдайында ерекше маңызды», – деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт Қазатомөнеркәсіптің 100% еншілес кәсіпорны – «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС пайдасына берілмек.
«Қазатомөнеркәсіп» уран кен орнының жаңа учаскесін игеруді жоспарлап отырғанын 2023 жылдың жазында хабарлаған.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін қоса алғанда, әзірленетін жобалау құжаттарының негізінде 25 жыл мерзімге жасалмақ. Инкай кен орнының №3 учаскесінде жылына ең жоғары қуаты 4 000 тонна уран болатын өндірістік объектілер салу жоспарланған.
2024 жылдың сәуірінде «Қазатомөнеркәсіп» пен Cameco жылына 4 мың тонна уран өндіретін цех құрылысын бастайтыны белгілі болды. Бұл жайлы Бірыңғай экологиялық порталдағы компания құжаттарында жазылған.
Құжаттарға сәйкес құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады. Онда бұрынғы ПВ-1 учаскесінде жұмыс істеп тұрған орталық өңдеу зауытын реконструкциялап, өңдеу цехын салу жоспарланғаны жазылған.
«Инкай» бірлескен кәсіпорны» ЖШС Түркістан облысы, Созақ ауданындағы кен орныны игері үшін құрылған. Негізгі қызметі – жерасты ұңғымаларының көмегімен шаймалау арқылы уран өндіру. Оның 60% үлесі «Қазатомөнеркәсіпке», 40%-ы канадалық Cameco компаниясына тиесілі.