Атауын Solidcore Resources plc деп ауыстырған «Полиметалдың» AIX биржасындағы тикері өзгерді
Polymetal International plc атауын Solidcore Resources plc деп өзгертті. AIX биржасындағы жаңа тикері – CORE. Компания акцияларының жаңа белгісі 17 маусымнан өз күшіне енеді.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мекеме атауын өзгерту туралы шешімді директорлар кеңесі қабылдаған. Компания атуын өзгерту мәселесі ресейлік активтері сатылған соң көтерілген. Өйткені ресейдегі активтері «Полиметалл» атауын сақтап қалған.
«Solidcore» атауы «solid» («сенімді», «берік», «тұтас») және «core» («ядро», «негіз», «маңыз», сондай-ақ «керн», яғни барлау бұрғылау кезінде алынған тау жыныстарының үлгісі) деген екі сөзден тұрады.
«Компанияның жаңа атауы біздің негізгі корпоративтік құндылықтарымызды – сенімділікті, сеніммен қарауды, қауіпсіздікті, дамуды және көшбасшылықты біздің жұмысымыздың негізгі принциптері ретінде көрсетеді», – деп түсіндірді Бас атқарушы директор Виталий Несис.
Solidcore Resources plc – Қазақстандағы екінші ірі алтын өндіруші компания. Оның Қазақстанда екі өндіріс орны бар. Олар – Абай облысындағы Қызыл кеніші мен Қостанай облысындағы Варваринское кеніші. Компания жобаларының ішіндегі ең ірісі – Қазақстанда құрылысы жоспарланып отырған Ертіс ТМК жобасы.
Solidcore Resources2029 жылға қарай алтын өндірісін екі есе арттырмақ. Сонымен қатар Ертіс тау-кен металлургия кешенінің құрылысына 1 млрд доллардан астам инвестиция құюды жоспарлап отыр.
Айта кететіні, Ертіс тау-кен металлургия кешені Павлодарға жақын жерде орналасады. Ол 2028 жылдың бірінші жартысында іске қосылады деп жоспарланған. Кәсіпорын 15 мың тонна алтын өндіруге қауқарлы. Ол үшін 800 млн доллар сомасында күрделі салым қажет.
Жыл басында Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы – Maaden International Investment LL кен өндіруші компанияның 23,9% акциясын сатып алған. Нәтижесінде ол компанияның ірі акционеріне айналды.
Polymetal – Ресейдегі ең ірі күміс өндіруші және де алтын өндірушілердің бірі еді. Холдинг кәсіпорындары Ресейдің Магадан және Свердловск облысында, Хабаровск, Саха, Чукоткада орналасқан. Акционерлері компанияның ресейлік активтерін сату туралы келісімді мақұлдап, наурызда «Мангазея плюс» АҚ-ға сатты.