Павлодар, Екібастұз және Ақсу қаласының жылу желілерін жаңғыртуға Үкімет резервінен 9 млрд теңге бөлінді
Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының жылу желілерін салу және реконструкциялауға Үкімет резервінен 9 млрд теңге бөлінді. Бұл қалалардағы жылу желілері 59-90% тозып тұр.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов осы мақсатта 9 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қойған.
Бұл қаржының 3,6 млрд теңгесіне Павлодар қаласында ұзындығы 2,5 шақырым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынады.
«Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері орналасқан аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада
Ал Екібастұзда жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырым (3,6 млрд теңге) болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдарының учаскелері реконструкцияланады. Оған 3,6 млрд теңге бөлінбек.
Қалған 1,8 млрд теңге Ақсудағы №3,5 және 8 ықшам аудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға аударылады.
«Соңғы 2 жылда аталған учаскелерде 40-тан астам ақау тіркелген. Реконструкция жұмысы 1,5 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген ақпаратта.
Павлодар облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, қазіргі кезде Павлодарда жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 828,1 км (орташа тозу – 82,8%), Екібастұзда – 422,5 км (90,7%), Ақсуда – 99,1 км (59%) құрайды. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуі тиіс, тозу деңгейі аса жоғары 4 учаске анықталды.
Бұған дейін Екібастұз ЖЭО-сын одан әрі жаңғыртуға Үкімет резервінен 3,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа қазандық агрегаты мен су магистралі салынады. Мұндағы қазандық агрегатын күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңге, су магистралін салуға 988 млн теңге жұмсалмақ.
Сонымен қатар Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінген болатын.