«Қазақстан темір жолы» басшысы компания қарызы неге көбейіп жатқанын түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ҚТЖ басшысы компания қарызы көбейе беретінін айтты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов Мәжіліс кулуарында журналистерге компания қарызының көбею себебін түсіндірді.

Әлмағамбетовтің сөзінше, ҚТЖ алған қарыздарын елдегі инфраструктураны жақсартуға жұмсайды және жаңа вагондарды тек отандық өндірістен алады.

«Бізге қарыздарың көбейіп жатыр деп орынды сын айтуда. Алайда ол өсе береді. Себебі локомотивтерді, тепловоз бен электровозды отандық өндірістен сатып аламыз. Несие алып инфраструктураны жақсартып, жол салып жатырмыз. Жеке тасымалдаушылар мұндай жұмыс істемейді», – деді ҚТЖ басшысы.

Бұған қоса, Әлмағамбетов 2024 жылы пойыз билеттерінің бағасы өспейтінін атап өтті. Оның сөзінше, компания бағаны жылына бір рет көтереді. Биыл билет бағасы 7 пайызға көтеріліп қойған.

Ал Көлік министрі Марат Қарабаев мемлекеттік субсидиялауды азайту үшін билет бағасын көтеру қажет екендігін атап өтті. 

«ҚТЖ билеттерінің құнын көтерген жоқ. Алайда жолаушылар тасымалының шығыны оның кірісіне сай болмағандықтан, мемлекет есебінен 23 млрд теңге субсидиялайды. Мемлекеттік субсидиялау бұл тағы да салық төлеушілердің ақшасы. Сондықтан субсидияланатын бөлікті төмендету үшін билеттердің құнын арттыру мәселесін қарастыруға болады», – деді министр.

Субсидия құны өтелу үшін билеттер құны үш есе қымбаттауы керек.

2023 жылы ҚТЖ ұлттық операторы 329 млрд теңге шығынға ұшыраған. Соның ішінде тау-кен саласының жүктерін тасудан келген шығын 172 млрд теңгені құраған. 

Еске сала кетсек, рейтингі мен табысы көтерілген компанияның қарызы артқан. ҚТЖ-ның ұзақмерзімді міндеттемелері 2 трлн теңгеден асқаны жайлы «Курсив» жазған. 2023 жылдың 9 айындағы қаржы есебінде компанияның міндеттемелері (қарызы) активтерінен 456,388 млн теңгеге артық екені айтылған. Соның 456,135 млн теңгесі есепті кезеңнен кейін 12 ай ішінде төленуге тиіс.

ҚТЖ-ның «Қазақстан халық банкі» мен Forte bank алдында 2 ірі қарызы бар. Компания басшылары кредиторлармен бұл қарызды есепті кезеңнен кейінгі 12 ай ішінде емес, кейін төлеу мәселесін келісіп жатқаны сөз болған.

Сондай-ақ оқыңыз