Жаңалықтар

Қазақстан Еуро комиссиямен бірге Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру платформасын іске қосты

Транскаспий дәлізінің платформасы іске қосылды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Еуропалық комиссия мен Қазақстан Көлік министрлігі Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру платформасын іске қосты. 

The Times of Central Asia басылымының ақпаратына сүйенсек, жаңа үйлестіру платформасы Транскаспий көлік дәлізінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған. 

«Платформа Транскаспий көлік дәлізінің Еуропаны Азиямен 15 күн немесе одан аз уақыт ішінде байланыстыратын мүмкіндігін кеңейтіп, бәсекеге қабілеттігін дамытуға жұмыс істейді», – делінген ақпаратта.

Жалпы платформа дәлізді дамытуға және Орталық Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ықпал ететіні атап өтілді. Сондай-ақ теміржол, автомобиль және порт инфрақұрылымына инвестиция тартады.

«Үйлестіру платформасын құру ортақ мақсаттарға жету үшін күш біріктіруге, тәжірибе мен пікір алмасуға бірегей мүмкіндік береді. Платформаға Армения, Әзірбайжан, Грузия, сондай – ақ Түркиядан келген әріптестеріміз шақырылған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі ірі және тұрақты мақсаттарды іске асыру аясында маңызды рөл атқарады», – деді Қазақстан көлік министрі Марат Қарабаев.

Еуропалық Комиссияның ұтқырлық және көлік жөніндегі бас директорының орынбасары Майя Бакран үйлестіру платформасы Транскаспий көлік дәлізін барлық тасымал түріне айналдыру маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Үйлестіру платформасы Транскаспий көлік дәлізін Еуропаны, Кавказды және Орталық Азияны байланыстыратын заманауи, бәсекеге қабілетті, тұрақты, жоғары технологиялық және жылдам маршрут ретінде қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын болады. Бұл аймақтың тұрақты экономикалық дамуына ықпал етеді»,  – деп атап өтті Бакран.

«Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Қытай, Қазақстан, Каспий теңізінің акваториясы, Әзірбайжан, Грузия және одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне өтетін халықаралық көлік дәлізі. 

Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалының көлемі 2030 жылға қарай үш есе өсіп, 11 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін. Мұндай болжамды Дүниежүзілік банк ұсынған.