«Қазақстан темір жолының» қарызы 2,9 трлн теңгеден асқан, оның 30%-ы шетел валютасында

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
«Қазақстан темір жолы» қарызына қатысты түсініктеме берді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріне қатысты түсініктеме берді.

«Қазіргі таңда ҚТЖ-ның номиналды қарызы 2,9 трлн теңге, оның 30%-ы шетел валютасында. Жыл сайын көрсеткіштер жақсарып келеді. Үш жыл ішінде компанияның кірісі 2021 жылғы 1,3 трлн теңгеден 2023 жылы 2 трлн теңгеге дейін артып, тұрақты динамика көрсетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша пайда 134 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есеге артық. Бұл компанияның соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіші. Бұл ретте кәсіпорын барлық несиелік міндеттемесін уақытында өтейді», – деп хабарлады компания.

Ақпаратқа сүйенсек, ҚТЖ-ның тұрақты қаржылық жағдайы халықаралық рейтингтік агенттіктердің кредиттік рейтингтерінің деңгейімен және Компанияға несиелік мүмкіндіктер мен кепілдіктер беретін халықаралық қаржы институттарының сенімімен де расталады (Moody’s Investors Service – несие рейтингі «Baa3, болжам «Тұрақты»). FitchRatings – несие рейтингі «ВВВ-», болжамы «Тұрақты» S&P – «Тұрақты» Moody’s ESG рейтингі – A2, 57 балл.

Қазіргі уақытта компания Үкіметпен және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, қарыз деңгейін төмендету және инфрақұрылым мен жылжымалы құрамға инвестицияның жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету үшін реттелетін тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру және транзиттік кірістерді арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Еске сала кетсек, наурызда Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, онда ҚТЖ-ның магистральдық теміржол желілерінде жүк тасымалдау тарифтерін бірнеше есеге көтергісі келетініне наразылықтарын білдірген. Олардың ойынша, бұл отандық экспорттаушыларға кері әсерін тигізеді.

Депутаттардың сауалына Бектенов ҚТЖ-ның транзиттік тасымалдаудан алатын пайдасы МЖС тарифіне байланысты шығындарды жабуға кететінін айтты. Сонымен қатар компания 2010 жылдан бері темір жол құрылысы мен реконструкциясына несие алған.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов Мәжіліс кулуарында журналистерге компания қарызының көбею себебін түсіндірді. Әлмағамбетовтің сөзінше, ҚТЖ алған қарыздарын елдегі инфраструктураны жақсартуға жұмсайды және жаңа вагондарды тек отандық өндірістен алады.

Сондай-ақ оқыңыз