ЕАЭС-ке мүше елдер ішінде Қазақстан жұмыссыздық бойынша көш бастап тұр
ЕАЭО елдерінің ішінде Қазақстан жалпы жұмыс күшіндегі жұмыссыздардың үлесі бойынша көп бастап тұр, деп хабарлайды Еуразиялық экономикалық комиссия.
Сәуірдегі жағдай бойынша көрсеткіш 3,3%-ды құрады. Бір жыл ішінде статистика 0,3%-ға өсті. Айта кететіні, бұл тек ресми тіркелген жұмыссыздар үлесі. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны 2024 жылғы сәуір айының соңында 802,1 мың адамды құрады. Ол жұмыс күшінің 0,9%-ы. 2023 жылдың ұқсас күнімен салыстырғанда ЕАЭО бойынша халықты жұмыспен қамту қызметтерінде тіркелген жұмыссыздар саны 14,5%- ға қысқарды.
«Қазақстанда халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны 2024 жылғы сәуір айының соңында 315,6 мың адамға жетті», – деп жазылған Еуразиялық экономикалық комиссия шолуында.
Арменияда да осыған ұқсас жағдай тіркелді. Онда халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны 44,6 мың адамды құрады. Ал жалпы жұмыс күшіндегі жұмыссыздардың үлесі 3,3%-ды құрады.
Еске сала кетсек, былтыр ЕАЭО елдерінің ішінде Қазақстанда инфляция мен жұмыссыздық көрсеткіштері өсті.
2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанна басқа одаққа кіретін елдердің барлығында жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны айтарлықтай азайған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар саны Қырғызстанда – 5,1%-ға, Арменияда – 13,7%-ға, Беларусьте – 26,2%-ға, Ресейде – 27,2%-ға азайған. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш, керісінше 14,1%-ға өскен.