Жаңалықтар

Орта білім туралы аттестат Egov Mobile қосымшасы арқылы беріле бастады

орта білім
Орта білім туралы аттестат пен колледж дипломдары да цифрлық форматта беріледі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Орта білім туралы аттестат Egov Mobile қосымшасынан беріле бастады. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, цифрлық құжаттардың қатары негізгі орта және жалпы орта білім туралы аттестатпен толыққан. Бұл құжаттарды енді eGovMobile мобильді қосымшасындағы «Bilim» жаңа қызмет көрсету сервисінен алуға мүмкіндік бар.

«Осы жылдан бастап мектеп түлектері аттестаттарын цифрлық нұсқада ала бастайды. Ол үшін eGovMobile мобильді қосымшасындағы «Bilim» сервисіне өту керек, мұнда «Менің балаларым» бөлімінде ата-аналар мен заңды өкілдері үшін кәмелетке толмаған балалардың құжаттары қолжетімді болады», – дейді цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.

Осыдан бір ай бұрын ҚР Оқу-ағарту министрлігі eGovMobile мобильді қосымшасында «Bilim» жаңа сервисін іске қосқан болатын. Мұнда білім туралы мәліметтер, цифрлық құжаттар енген. Ал бір жыл бұрын министрлік қосымша көмегімен колледж дипломдарын QR-код арқылы бере бастаған.

Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін бекітті. 

Оған сәйкес, алдағы оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйектен – 2025 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады.

Бірінші тоқсанда оқу 8 аптаға созылады. Бірінші тоқсанның күзгі демалысына 7 күн беріледі. Оқушылар 2024 жылғы 28 қазаннан бастап 3 қараша аралығында демалады.

Екінші тоқсанда да оқушылар 8 оқиды. Қысқы демалыс 2024 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 8 қаңтарға дейін 10 күнге созылады.

Үшінші тоқсанда оқушылар он апта оқып, 11 күн демалады. Демалыс 2025 жылғы 21-31 наурыз күндеріне беріледі. Айта кетейік үшінші тоқсанда 1-сынып оқушыларына қосымша демалыс қарастырылған. Олар 2025 жылғы 3-9 ақпан аралығында демалады.