Жаңалықтар

Яндекс пен InDrive жүргізушілері медициналық тексеруден өтіп, 8 сағаттық жұмыс кестесін сақтауы керек – Көлік министрі

Яндекс пен InDrive жүргізушілері
Яндекс пен InDrive жүргізушілері жүйеге кірмес бұрын Face control тексерісінен өтуі керек / Фото: kursiv.media

Яндекс пен InDrive жүргізушілері медициналық тексеруден өтіп, 8 сағаттық жұмыс режимін сақтауы керек. Бұл жайлы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

«Бізде Қазақстан бойынша такси саласында жұмыс істейтін осындай 10 агрегатор бар. Ең ірілері – InDrive және Яндекс. Біз олармен меморандумға қол қойдық. Оған сәйкес жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рульге отырмас бұрын жүргізуші ұйқы режимін сақтауы керек. Яғни сегіз сағат жұмыс істеген соң, сегіз сағат жұмыс істемейді дегендей. Сонымен қатар ол медициналық тексеруден өтуі керек болады. Қазір бұл салада реттілік жоқ. Өйткені Yandex және InDrive бұл мәселелерді бақыламайды», – деді министр.

Меморандумға сәйкес агрегаторлар осы талаптарды сақтауы керек. Министр бұған қосымша Яндекс пен InDrive жылдамдықты қадағалауға мүмкіндік беретін функцияларды қосатынын айтты. Сонымен бірге жүргізушілер жүйеге кірмес бұрын Face control тексерісінен өтеді.

Ал меморандумда көрсетілген талаптарды бұзғандарға қатысты талап күшейеді. Ондай азаматтарға жүйеде үш реттен артық тіркелуге тыйым салынбақ.

Еске сала кетсек, «Курсив» Көлік  министрлігі мен inDrive және Яндекс Go мобильді қосымша оперторларымен ынтымақтастық  туралы меморандумға қол қойғаны туралы жазды. Онда қосымшаны пайдаланушы адамның берген бағасы мен жалпы рейтингке сүйене  отырып,  жылдамдықты жиі асыратын жүргізушілер жолаушылардан келіп түскен  тапсырыстарды орындаудан уақытша немесе мүлдем шеттетілуі мүмкін екені айтылды.

Ал 2023 жылдың күзінде InDriver және Яндекс жүргізушілерінің жұмыс уақыты шектелетіні хабарланған болатын. Онда жүргізушілерге 8 сағаттан артық жұмыс істеуіне рұқсат берілмейтіні айтылған.

«Елімізде InDriver және Яндекс қосымшалары пайда болғалы, бұл сала тез дамып кетті. Өкінішке қарай олардың жүргізушілері жылдамдық шектеулерін және демалыс кестесін сақтамайды. Олар күніне 9 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Олар бұл мүмкіндікті теріс пайдаланып, нәтижесінде қырғалығынан айырылып жатады. Елімізде жол-көлік оқиғаларының 35 пайызы дәл осындай жағдайлардың кесірінен болады. Бізде заңсыз тасымалдаушылармен күресудің жол картасы бар. Оның ішінде inDriver және Яндекс бағдарламалық қосымшалары да бар», – дейді Көлік министрлігі Көлік комитетінің басшысы Алтай Әли.