Жаңалықтар

Автомобиль жолдарын ауыр салмақты жүк көліктері бұзады: Смайылов жалпыға ортақ жолдарда мұндай көліктердің жүруіне тыйым салуды ұсынды

Ауыр салмақтағы көліктер жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүкпен жүретін болса, айыппұл төлейді / Фото: kursiv.media

Қазақстандағы жалпыға ортақ автомобиль жолдарының тез бұзылуына ауыр салмақтағы көліктер себепші. Сол үшін де Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мұндай көліктердің жалпыға ортақ жолдармен жүруіне тыйым салуды ұсынды.

Көлік саласына қатысты аудит қорытындысын оқыған Палата басшысы автожол саласы бойынша жүргізілген аудит нәтижелерінің алаңдататынын айтты. Палата бұл саладан шұғыл шешімдер қабылдауды талап ететін жүйелі кемшіліктерді анықтаған.

Айтуынша, автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және күтіп ұстауға соңғы төрт жылда барлығы 1,9 трлн теңге бөлінген. Аудит деректері бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 72%-ды құраған.

«Автомобиль жолдарының бұзылуына әкелетін негізгі факторлар – рұқсат етілген массадан асатын ауыр салмақты көлік құралдарының жүруі. Бұл – тасымалдау процесінің жекелеген топтардың мүдделерін қорғау және принципті позицияның болмауы себебінен көптеген жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Сол үшін жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда ауыр салмақты көліктердің жүруіне қатаң тыйым салу керек. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал үшін жауаптылықты күшейту қажет», – деді Смайылов.

Аудит есебіне сәйкес, автоматтандырылған өлшеу станциялары бұзушылықтарды толық көлемде дұрыс рәсімдемейді. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов те көтерді. Депутаттың айтуынша, жолдарға орналастырылған өлшеу құрылғыларына көп қаражат жұмсалған. Алайда аудит кезінде олардың барлығы дерлік жұмыс істемей тұрғаны анықталған.

«Жолдардың сапасын құртатын көліктің салмағы деп айтып жатыр. Жолдарда автокөліктердің салмағын өлшейтін құрылғылардың құны бүгінде 2,2 млрд теңгені құрайды. Оны күтіп ұстауға жылына 200 млн теңге тағы жұмсалады екен. 3 жыл ішінде ол құрылғылар 175 мың бұзушылықты тіркеген. Оның ішінде 7 мыңы ғана өлшеу бойынша дұрыс есептеген. Қалған 168 мыңы дұрыс емес болып шыққан. Аудит кезінде құрылғылар тіпті жұмыс істемеген. Бұл құрылғылар цифрландыруға енді көшеді. Аталмыш құрылғыларды пайдалануға осы күнге дейін дайын болмасаңыздар, бюджеттің сонша ақшасын жұмсау қаншалықты орынды болды? Жаңа жүйе қашан іске қосылады? Автоматтандырылған жүйенің инфрақұрылымы қашан дайын болады», – деді депутат.  

Көлік министрі Марат Қарабаев жаңа жүйенің тамызда іске қосылатынын айтты. Айтуынша, олар «Сергек» секілді жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта 220 камера қойылып, автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылап отырады. Сонымен бірге министр ауыр салмақтағы көліктердің жүруіне тыйым салынатынын айтты.

«Карьерлерден жүк таситын Hola, Shacman көліктеріне автожолдарда жүруіне тыйым салынады. Шетелде мұндай көліктер тек карьерлерде жүреді. Елде 60 мың осындай көлік бар. Олардың жүруіне заңмен тыйым салу үшін алдағы уақытта арнайы заңнамамен мәжіліске келеміз»,  – деді Қарабаев.

Айтуынша, Астананың өзінде 29 карьер бар. Сол карьерлерде жұмыс істейтін ауыр жүк көліктерінің қалаға 108-112 тонна жүкпен кіргені анықталған. Ал жөндеу жүргізілген жолдар 25 тоннаны ғана көтеруге арналған.

«4 есе көп салмақ түскен жолдардың тез бұзылатыны анық. Біз сондай жағдайларды бақылау үшін камералар қойдық. Ол заңбұзушылықтарды анықтап, айыппұлды автоматты түрде жіберіп отырады», – деді министр.

Айта кетейік, Мәжілісте Смайылов ҚТЖ ұлттық компаниясының қазіргі жағдайы мүшкіл екенін, бұлай жалғаса берсе дефолтқа ұшырау мүмкін екенін айтқан болатын. Жоғары аудиторлық мәліметінше, ҚТЖ-ның өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы биыл жыл басында 2,9 трлн теңгеге жеткен және әлі де өсуде. Активтердің нашарлауы, борыштардың өсуі мен оны уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауынан ҚТЖ дефолтқа ұшырауы мүмкін.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, 23 объектіде 3 трлн теңгені қамтитын аудит жүргізілген. Нәтижесінде 29 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар мен  168 млрд теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланғаны анықталған.