«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Оңтүстік Кореяның Hyundai Engineering Co.,Ltd инжиниринг компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Бұл жайлы ҚМГ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Екіжақты құжатқа ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен Hyundai Engineering компаниясының президенті Хён Сонг Хонг қол қойған.
«Тараптар мұнай-газ және мұнай-химия салаларында ынтымақтастық орнатуға келісті. Келісім мұнай-газ және мұнай-химия секторларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуді көздейді. Сонымен қатар құжат техникалық білім, технология мен тәжірибе алмасуды және мамандарды оқытуды қамтиды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Hyundai Engineering Co., Ltd — Оңтүстік Кореялық жобалардың бүкіл өмірлік циклі бойынша кешенді шешімдерді ұсынуда тәжірибесі мол компания. Сонымен қатар компания мұнай-газ өңдеу, мұнай-химия, тыңайтқыштар және жаңартылатын энергия көздерімен байланысты жобаларды басқару, интеграциялау, оларға техникалық қызмет көрсету, пайдалану және сервистік қызмет көрсету, техникалық аудит жүргізу және объектілерді реконструкциялау бойынша саладағы жетекші қызметтерді ұсынады.
Еске сала кетсек, ҚМГ жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт жобасын италиялық Tecnimont компаниясымен бірге жүзеге асырады. Полиэтилен жобасы бойынша ынтымақтастық шеңберінде Tecnimont S.p.A. компаниясы полимерлеу, альфа-олефиндер мен зауыттың жалпы шаруашылық объектілері үшін кеңейтілген базалық «EBD» жобасын әзірлеп береді.
«ҚазМұнайГаз» бен Maire Tecnimont S.p.A. арасындағы келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық негізінде табысқа жетіп қана қоймай, халықаралық деңгейде энергетика саласының дамуына үлес қосатын бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылған.