Қазақстаннан инвесторлар тартуға ниетті: КМГ Конгоның мелекеттік мұнай компаниясымен ынтымақтастық орнатпақ
Қазақстан Африканың Конго елімен мұнай-газ саласы бойынша ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қою мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жайлы ҚМГ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
11 маусым күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Конго Республикасы Президентінің стратегиялық мәселелер және халықаралық келіссөздер жөніндегі жеке өкілі Франсуаза Жолимен, сондай-ақ Конго Ұлттық мұнай компаниясының (SNPC) бас директоры Майксент Омингамен кездесу өткізген.
Кездесу барысында Хасенов қазақстандық компанияның қызметі, соның ішінде ресурстық базаны кеңейту, өндіру тиімділігін арттыру және мұнай өңдеу мен мұнай-газ химиясын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстарға тоқталып өтіп, Қазақстанда барлау мен мұнай-газ химиясына инвестиция тарту үшін реформалар жүргізілгенін айтқан.
Ал Конго өкілдері Конгоның Африканың мұнай-газ секторында көлемі бойынша үшінші жетекші мемлекет саналатынын, елдің SNPC мемлекеттік компаниясы әлемнің ірі Total Energies, Chevron, Eni сынды компанияларымен өзара тиімді қарым-қатынас орнатқанын жеткізген. Сонымен бірге конголықтар энергетика саласындағы жобаларының мүмкіндігін барынша пайдалану үшін жаңа инвестиция тартуға ниетті екенін мәлім еткен.
Кездесу барысында бұдан бөлек, тараптар мұнай және мұнай өнімдерін сату, адам капиталын дамыту және басқа да бағыттарды қоса алғанда, мұнай-газ секторының түрлі салаларында өзара іс-қимыл перспективаларын талқылаған. Сондай-ақ тараптар ҚМГ мен SNPC арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мәселесін пысықтауға келіскен.
SNPC (Societe nationale des petroles du Congo, Конго Ұлттық мұнай компаниясы) 1998 жылы сәуірде құрылған. Бұл қаржылық және басқару автономиясы бар өнеркәсіптік және коммерциялық сипаттағы мемлекеттік мекеме. Оның 100% үлесі Конго мемлекетіне тиесілі және оны Көмірсуктек министрлігі басқарады. SNPC міндеті — бастапқыда мемлекетке тиесілі кез-келген түрдегі барлық активтерді, тікелей және жанама құқықтарды мемлекет атынан басқару және үшінші тұлғалармен барлық келісімшарттық қатынаста мемлекет мүддесін қорғау.
Осы орайда айта кетсек, «ҚазМұнайГаз» Hyundai Engineering Co.,Ltd компаниясымен мұнай-газ саласында ынтымақтастық орнатуға келісті. Екіжақты құжатқа ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен Hyundai Engineering компаниясының президенті Хён Сонг Хонг қол қойған. Тараптар мұнай-газ және мұнай-химия салаларында ынтымақтастық орнатуға келісті. Келісім мұнай-газ және мұнай-химия секторларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуді көздейді. Сонымен қатар құжат техникалық білім, технология мен тәжірибе алмасуды және мамандарды оқытуды қамтиды.