ҚТЖ-дағы жағдай сіз премьер-министр болған тұста ушықты: депутат Смайыловтың Үкімет басшысы ретіндегі жұмысын сынға алды

Жарияланды
Ерлан Саиров Смайыловтан премьер-министр болған кезінде ҚТЖ проблемасы не себепті шешілмегенін сұрады / коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Ерлан Саиров Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың премьер-министр болған кездегі жұмысын сынға алды. Ол ҚТЖ-дағы жағдайдың ушыққанына Смайыловтың өзі де жауапты екенін айтты.

«Құрметті Әлихан Асханұлы, өзіңіз айтып кеттіңіз «ҚТЖ-ның қаржылық жағдайы өте мүшкіл. Шынын айту керек, бұл жағдай сіз премьер-министр болып тұрған кезде ушығып кетті. Сондықтан сізге сыпайы сұрақ қояйын. Сол кезде осы мәселемен неге айналыспадыңыздар?», – деді Саиров.

Экс-премьер-министр расында бұл проблемалардың бұрыннан келе жатқанын, өзі Үкімет басшысы болған тұста оны шешу үшін түрлі шаралар қабылданғанын айтты. Бірақ Жоғары аудиторлық палатаның аудиті нәтижесінде қабылданған шаралардың лайықты деңгейде орындалмағаны анықталған.

«Кезінде біз аталған мәселелерді бірнеше рет көтеріп, тиісті салалық министрлікке де, «Қазақстан темір жолы» компаниясына да қажетті тапсырмаларды беріп, жұмысты орындауын талап еттік. Бірақ қабылданып жатқан шаралар толық көлемде жүрмей, тиімсіз болып жатыр. Сондықтан бұл мәселені тағы көтеруге мәжбүрміз»,  – деді палата басшысы.

Депутат сонымен бірге жүргізілген аудит қорытындысында құпия ақпараттардың бар екенін, жасырылған құжаттарда «жемқорлықтың көкесі» жатқан болуы мүмкін екен айтты.

«Сіз ұсынған есептің 4-қосымшасында қызмет бабында пайдалану үшін, яғни құпия деген мәртебе берілген. Бұл ірі қаржылық заңбұзушылықтарға қатысты бөлімдер. Осыған байланысты нақты сұрақ. Неге осы деректер құпия деректер қатарына жатқызылған? «Қазақстан темір жолына» қашан қоғамдық бақылаудың тетіктерін енгіземіз? Осы 9-қосымша бойынша қанша материал құқық қорғау органдарына берілді? Сіздер жауып қойған «жабулы қазанның ішінде» жемқорлықтың «көкесі» жатқан жоқ па?»,  – деп сұрақты төтесінен қойды.

Әлихан Смайылов аудит барысында құжаттардың сондай белгімен келгенін, сол себепті ол құжаттардың құпиялығы сақталғанын айтты.

«Аудиторлық іс-шараларды жүргізу барысында біз кейбір мәліметтерді уәкілетті органдардан сұрадық. Мемлекеттік кірістер комитеті және Табиғи монополияларды реттеу комитетінен, «ҚТЖ-ның» өзінен кейбір мәліметтер тек «қызмет бабында пайдалану үшін» деген грифпен келді. Бұл мәліметтерге мұндай грифтің қойылуы салалық заңнамаға байланысты. Сондықтан біз пайдаланылған аудиторлық материалдарға осындай грифті қоюға мәжбүр болдық», – деп түсіндірді.

Алайла Смайылов бұл мәліметтердің құпия еместігін, ол құжатпен депутаттардың танысуға құқы бар екенін жеткізді.

Айта кетсек, бұл жиында Смайылов ҚТЖ ұлттық компаниясының қазіргі жағдайы мүшкіл екенін, бұлай жалғаса берсе дефолтқа ұшырау мүмкін екенін айтқан болатын. Жоғары аудиторлық мәліметінше, ҚТЖ-ның өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы биыл жыл басында 2,9 трлн теңгеге жеткен және әлі де өсуде. Активтердің нашарлауы, борыштардың өсуі мен оны уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауынан ҚТЖ дефолтқа ұшырауы мүмкін.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, 23 объектіде 3 трлн теңгені қамтитын аудит жүргізілген. Нәтижесінде 29 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар мен  168 млрд теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланғаны анықталған.  

Сондай-ақ оқыңыз