Жаңалықтар

Цифрландырады, алтын қазады, зауыт салады: Шаққалиев сингапурлық инвесторлардың Қазақстанда немен айналысатынын айтты

шекті бағалар
Сингапурлық инвесторлар Жамбыл облысында цемент зауытын салады / Фото: Аскар Ахметуллин

Сингапурлық инвесторлар Қарағанды облысындағы кен орнынан алтын өндіреді. Бұл жайлы Мәжілісте өткен жиында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасын мақұлады.

Жобаны таныстырған министр Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,8 млрд доллар болғанын, оның ішінде қазақстандық экспорт үлесі 94%-ға жеткенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы 2023 жылы 9,6 млн долларды құрап, қазақстандық көрсетілетін қызметтер экспортының үлесі 37%-ға жеткен.

«Сингапур көрсетілетін қызметтерде дамудың озық тәжірибесіне ие, бұған оның экономикалық көрсеткіштері мен инновациялық жетістіктері дәлел бола алады.
Бұл – Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және жалпы әлемдік экономикадағы флагман, сондай-ақ ірі IT және қаржы хабы саналады», – деді министр.

Сонымен бірге Шаққалиев Қазақстанға Сингапурдың салған тікелей инвестицияларының көлемі соңғы 10 жылда 1,7 млрд доллар болғанын айтты. Ал 2023 жылы Сингапурдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 457 млн доллар болды. Бұл инвестициялық көрсеткіштер алдағы уақытта арта түсуі мүмкін. Министр Сингапур инвесторлары Қазақстанда біраз ірі жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіріп отырғанын жеткізді.

«Қазіргі таңда 15 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Ол жобалардың құны 681 млн долларды құрайды. Ол қаражатқа сингапурлық иинвесторлар Жамбыл облысында цемент зауытын салады, Ақтау портын жаңартумен айналысады, Транскаспий халықаралық бағытын цифрландырады, Қарағанды облысында алтын кен орнын игерумен айналысады», – деді Шаққалиев.

Еске сала кетсек, 23-24 мамыр күндері президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Республикасына мемлекеттік сапармен барған болатын. Сол сапарда бірталай меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Алматы облысында сингапурлық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен Alatau City (G4 City) сияқты аса ірі жобаны іске асыру туралы келісім жасалды. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыруға бағытталған PSA International және «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен серіктестік жөнінде келіскен.