Қазіргі уақытта асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту ақсап тұр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа жолдаған хатында Мәжілістің бір топ депутаты осылай деп мәлімдеді.
2011 жылы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар өзін-өзі басқару ұйымдарын құрып, республикалық палаталар құруға тиіс болған. Бүгінге дейін 17 палата тіркелген. Бірақ содан бері еш нәтиже жоқ деп санайды.
«Биязы жүннің сапасы жоқ, оның өндіру көлемі 2 есе азайып кетті. Қолдан ұрықтандыру қарқыны жыл сайын төмендеп барады. Қой өнімінің сапасын тексеретін зертханалар құрылған жоқ, геномдық селекция «қиял» болып қалды», – делінген депутаттық сауалда.
Асыл тұқымды малды тіркейтін ИАС деген электронды жүйенің мәлімет базасында қойдың көп бөлігі «асыл тұқымды» деген атына сай емес.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы заңында республикалық палаталар малдың өнімділік бағыты бойынша құрылады делінген, бірақ бұл бір-бірінің жұмысын қайталайтын бірнеше палата болсын деген сөз емес қой…
Палаталардың жұмысы малды тек тіркеп қойып, «асыл тұқымды қой» деген қағаз берумен ғана шектеліп отыр. Сонда мемлекеттің қалтасынан төленетін субсидияның тиімділігі қайда?», – дейді депутаттар.
Асыл тұқымды мал шаруашылығына жыл сайын 23,6 млрд теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаржының тиімділігі көрінбей тұр. Республикалық палаталар жұмысы бірін-бірі қайталайды. Ұсақ палаталарда қаражат қоры қалыптаспаған. Қой палатасын бақылайтын тәуелсіз жүйе де болмай шықты.
2023 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңгеге жектен. Мал шаруашылығы саласындағы өсім 3,3%-ға артып, өндірістен 3,8 трлн теңге түскен.