ҚТЖ-ның өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы биыл жыл басында 2,9 трлн теңгеге жеткен және әлі де өсуде. Активтердің нашарлауы, борыштардың өсуі мен оны уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауынан ҚТЖ дефолтқа ұшырауы мүмкін. Осындай дерек келтірген Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызға батуының себептерін түсіндіріп, жүргізілген аудит нәтижесін жариялады.
Аудит қорытындысы
Әлихан Смайыловтың сөзінше, 23 объектіде 3 трлн теңгені қамтитын аудит жүргізілген. Нәтижесінде 29 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар мен 168 млрд теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланғаны анықталған.
«Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалды. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған», – деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Аудит төрағасы кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет тарапынан дұрыс ойластырылмағандықтан, бүгінде әрең күн көріп отырғанын жеткізді. Айтуынша, барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген.
«ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген. Мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермеді және ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соғып отыр», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Смайылов атап өткендей, жеке жүк тасымалдаушылардың тарифтері жоғары. Жекелеген жағдайларда 32%-ға, соның ішінде іс жүзінде жоқ шығындар да қоса есептелген. Осы орайда тарифтерді реттеу жөніндегі уәкілетті органның позициясы әлсіз екенін айтты.
«Тарифтеу тәсілдері әділ болуы тиіс. Сонымен бірге жеке теміржол тасымалдаушыларының одан әрі жұмыс істеу орындылығын қайта қарастыру қажет. 2020-2023 жылдары ҚТЖ жүк айналымының 73%-ы өзіндік құнынан төмен тарифтермен тасымалданған. Реттелетін тарифтер бойынша шығындар 907 млрд теңгені құрады, оның жартысынан астамы – экспорт бойынша. Бұл ретте, экспортқа арналған реттелетін тарифтердің деңгейі республика ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдау тарифтерінен төмен», – деп мәлімдеді ол.
Банкроттыққа апаратын төте жол
Әлихан Смайылов ҚТЖ-ның барлық шығыны негізінен транзиттік табыстары есебінен жабылатынын айтады. Бұл – экономикалық жағынан қисынсыз екенін және бұл – банкроттыққа апаратын төте жол деп атап өтті.
Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған, – деді Әлихан Смайылов.
Смайылов ҚТЖ компаниялар тобының шығындарын оңтайландыру қажет деп есептейді. Активтердің нашарлауы, борыштардың өсуі және оларды уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауы ҚТЖ-ны дефолтқа ұшырататынын мәлімдеді.