Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңсыз сатылған жеріне қатысты дау әлі жалғасып жатыр. Тимур Құлыбаевқа тиесілі компания сотта жеңіліп қалса да, Esentai Mall маңындағы бизнес-орталықтың құрылысын жалғастыруда. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлім етті.
Ол Алматының бұрынғы әкімдерінің қаулысымен университет жерінің бір бөлігі «OMIREX» ЖШС және «Atlas Development» ЖШС заңсыз иеліктен шығарылғанын атап өтті. Бірақ 2022 жылдың соңында сот әкімдіктің барлық аталған қаулылары мен жалдау шарттарының күші жойылды деген шешім шығарған. Жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс еді. Алайда депутаттың айтуынша олар әлі де жекеменшікте.
«Алматы сотының 2023 жылғы 1 тамыздағы шешімімен Алматы қаласы прокуратурасының талап-арызы қанағаттандырылып, Қарасай ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 17 маусымдағы қаулысы заңсыз деп танылып күші жойылды. Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін, аталған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылуы қисынды. Алайда ақпараттық база бойынша аталған жер учаскесі әлі күнге дейін Тимур Құлыбаевтың үлестес тұлғаларының жекеменшігінде»,- деді Базарбек депутаттық сауалында.
Депутат бұл мәліметтер базасы арқылы расталғанын айтып, «Ескі Қазақстанның» олигархиясы заңды сот шешімдерін орындауға кедергі жасайтынын атап өтті. Қазір Алматы қалалық сотында бұл жер теліміне қатысты азаматтық іс қаралып жатыр.
«Бірінші сотта Жер ресурстарын басқару департаменті жеңіске жетті және барлығы бұл компаниялар енді университеттің жерін сотқа бермей, заңды бұзып алынған жер телімін, оған салынған бизнес-орталығымен университетке қайтарады деп күткен. Себебі бұл іс қоғамдық резонанс тудырды. Бұл бизнес-орталық университет студенттері үшін тамаша жатақхана және оның ішінара оқу ғимараты болуы мүмкін. Бірақ, менің ақпаратым бойынша, бұл субъектілерден олардың бас тартқысы келмейді. Олар бірінші сатыдағы соттың шешімін қайта қарауға апелляциялық шағым түсіріп, үлкен шығындарға түрткі болды, сотқа орасан қысым жасалуда», – деді Бақытжан Базарбек.
Депутаттың айтуынша, департамент тарапынан енгізілген шектеу шараларына қарамастан, сегіз қабатты бизнес-орталығында құрылыс-монтаж жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бақытжан Базарбек Бас прокуратурадан бұл істі ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ қатысы бар лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.
Мәжіліс депутаты 2023 жылдың соңында да дәл осы мәселені көтерген болатын. Мәжілісменнің мәлімдеуінше, 2017-2021 жылдар аралығында заңсыз сатылған жерді университетке қайтару туралы сот шешімі шыққан. Қызығы сол, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Atlas development компаниясының меншігіне өтіп кеткен жер күні бүгінге дейін жоғары оқу орнына қайтарылмаған.
Бақытжан Базарбек атап көрсеткендей, университет аумағынан жер телімін алған компаниялардың Тимур Құлыбаев пен Динараға Құлыбаевға тікелей қатысы болған.
Әу баста Omirex ЖШС автотұрақ салу үшін жерді қысқамерзімге, уақытша пайдалануға рұқсат алған. Нәтижесінде компанияға әл-Фараби даңғылының бойынан 69/5 және 69/7 деген белгісі бар екі дербес жер телімі берілген.
2018 жылы бұл компанияның жарғылық капиталы «Аркада Impex» ЖШС-ге өткен. Кейін «Аркада Impex» ЖШС Atlas Development болып қайтадан құрылған. Компания жобалау және құрылыс жұмыстарымен айналысқан.
Atlas Development ЖШС-нің екі құрылтайшысы бар. Құрылтайшылардың бірі – «Кипрос» ЖШС, екіншісі Joint Technologie ЖШС.
«Кипрос» ЖШС құрылтайшысы Тимур Құлыбаев. Ал Раушан Сағдиева басқаратын Joint Technologies компаниясының құрылтайшысы «Кипрос» ЖШС.
Заңгер-депутат Бақытжан Базарбектің баяндауынша, Қазақ ұлттық университетінің жері көлемі Алматыда Ахметжан Есімовтен кейін, Бауыржан Байбек әкім болған кезде қысқара бастаған.