Жаңалықтар

Қазақстандықтар қандай жағдайда жалдамалы пәтерін жекешелендіре алады – Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңның түзетулерін қабылдады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстанда бірінші кезекте тұрғын үй берілетіндер санатының тізімі кеңейеді. Сонымен қатар әскери борышын өтеу кезінде және қызмет бабында қаза тапқандардың отбасыларына баспана бірінші кезекте беріледі. Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағымен, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға, көпбалалы отбасылар мен жесірлерге беріледі.

Адам өмірін құтқару үшін құрбан болған адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету және жалға берілген баспананы жекешелендіру мүмкіндіктері де кеңейтілді.

«Заң жобасында әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма  енгізілген»,- деді Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов

Отбасы банкі «толыққанды даму институты» болады және екінші деңгейлі банк жүйесінде қалады

Заң жобасын 2-ші оқылымға дайындау барысында депутаттар бірқатар нормалар енгізді. Біріншіден, Отбасы банкі екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды. Сондай-ақ Отбасы Банкінің қызметін лицензиялау да сақталатын болады. Сонымен қатар банктің азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыру қызметіне бағытталған нормалар  көзделген.

Заң жобасына енгізілген ең маңызды өзгерістердің бірі – азаматтарға «сатып алу құқығынсыз» жалға берілген тұрғын үйлерге енді «жекешелендіру құқығын беру» болды.

«Осы ұсыныс қолдау тапты. Қазір сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жекеменшік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын барлық өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарындағы 51 мың азамат пайдалана алады», деді депутат.

 «Жесірлерге» жеке дербес санат берілді

Мәжілісмен сонымен қатар жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйге де жекешелендіру құқығы берілетінін айтты. Бұл ұсыныс та қолдау тапқан. Аталған ұсыныс 1600 астам азаматтардың мәселесін шешуге бағытталған.

Төртіншіден, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды. Депутаттардың түзетуіне Үкіметтің оң қорытындысы бар. 11 санат: соғыс ардагерлері; 1 және 2 топтағы мүгедектер; қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері; ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар және т.б. Бесіншіден, асыраушысынан айырылған адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол, халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды,- деп мәлімдеді.

Қазақстандықтар жалдамалы пәтерін 5 жылдан кейін жекешелендіре алады

Мәжіліс кулуарында депутат халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға жалдамалы пәтерді жекешелендіруге құқық берілетінін жеткізді. Айтуынша, бүгінде елімізде 51 мың адам жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

«Тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі 2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде басталды. Сондықтан бүгінгі заң аясында сол пәтерде тұрып жатқан адамдарға пәтер жекешелендіруге беріледі. Бұрын ондай құқық болмаған. Халықта да сұрақ көп болды: «Бізді шығарып жібермей ме?» деп алаңдады. Заң аясында ондай жағдай болмайды. Егер ол адамдар пәтерді жекешелендіре алмайтын жағдай болса да, тұрғын сол пәтерлерде тұра береді», – деді Ұлықбек Тұмашинов.

Депутаттың айтуынша, заң күшіне енсе, жалдамалы пәтерлерді «Отбасы банк» арқылы жекешелендіруге болады.

«Үйді жекешелендіру үшін қазақстандық сол пәтерде 5 жыл тұруы керек. Содан кейін жекешелендіре алады. Әрине, қалдық құнымен бірге. Қалдық құны дегенді түсіндірейін. Мысалы, 2017 жылы үй 8 млн теңге тұрса, нарықта 16-17 млн теңге болуы мүмкін. Ал сіз сол пәтерде бастапқы бағасымен аласыз. Пәтердің тағы амортизациясы болады. Ол жыл сайын азайып отырады. Осылайша, 8 млн теңге тұратын пәтердің құнын 7 млн теңге болады. Бұл да көмек. Ал нарықта бұл пәтерлер 16-17 млн теңге тұрады», – деді депутат.

Мәжіліс Заңды екінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.