АҚШ бюджетіндегі тапшылық едәуір деңгейге жетті, GameStop өз акцияларының құбылмалылығынан 2,14 млрд доллар тапты. Инвесторлар Үндістанның мемлекеттік облигацияларына белсене қаржы салуда. Осы және басқа да тақырыптар туралы 12 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
АҚШ бюджетіндегі тапшылық 1,2 трлн долларға жетті
АҚШ Қаржы министрлігі ел бюджеті туралы соңғы мәліметті жариялады деп хабарлайды Market Watch. Жиынтық тапшылық 1,202 трлн долларға жетіп, биылғы қаржы жылына арналған шек көлемінен 2/3-ке асып түскен. Мамырдағы бюджет тапшылығы 2023 жылғы мамырмен салыстырғанда 44%-ға артып, 347 млрд долларға жетті.
Басылымның айтуынша, бюджеттің жоғары тапшылығы мен ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерінің жоғарылауы өкіметтің таза пайыздық төлемдерінің күрт өсуіне алып келді. Алғашқы сегіз айда (өкіметтің қаржы жылы қазан айынан басталған) олар 671 млрд долларға (+ 22%) жетіп, 576 млрд долларлық АҚШ ұлттық қорғанысы шығынынан асып кетті.
«Қарыз көптеп алынып жатыр, мұны азайту үшін заң шығарушылар қысымды сезінуі керек, – деді Федералдық бюджет комитетінің президенті Майя Макгинес. – Қаржы жылының соңына дейін небәрі төрт ай қалды, ал АҚШ 1,2 трлн доллар қарыз алды, яғни орташа есеппен алғанда, күніне 4,9 млрд доллар қайтаруы керек деген сөз. Демек іс насырға шаппай тұрып қаржылық жағдайымызды жақсартуға тиіспіз».
2024 жылы АҚШ бюджетіндегі тапшылық шектен асып кетуі мүмкін деген ескертулер көп айтылды. Соны айтқандардың бірі – ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл. Конгрестің Бюджеттік басқармасының болжамы бойынша тапшылық келесі онжылдықта шамамен үштен екіге, яғни 2,6 трлн долларға дейін барады. Тағы өсімнің төрттен үші мемлекеттік қарыз пайыздарын төлеуге кетеді. Ал сәуір айында ХВҚ борыш мөлшеріне қатысты АҚШ билігін сынға алды. Себебі бұл жағдай әлемдік экономикадағы қиындықтарды арттыра түседі.
Ұлыбритания экономикасы сәуірде бәсеңдеді
Сәуір айында, өткен аймен салыстырғанда, еш өсім болмай, Ұлыбританияның ЖІӨ-сі өзгеріссіз қалды деп хабарлайды Reuters. Бұл туралы Біріккен Корольдіктің Ұлттық статистика қызметінің есебінде айтылған. Көрсеткіштерге ауа райы әсер етіпті. Биылғы сәуір Ұлыбританияның соңғы 12 жылдағы ең жаңбырлы айы болған.
Елде бөлшек саудадағы тауар айналымының төмендеуі (-2,3%) тіркелді. Құрылыс көлемі 1,4%-ға қысқарды, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс айлық мәнде 1,4%-ға төмендеді. Көрсеткіштер экономистер болжаған межеден әлдеқайда төмен түсіп кетті.
Қаржы нарықтарына жаңа мәлімет сондайлық бір әсер ете қоймады. Инвесторлар бұрынғысынша Англия банкі негізгі мөлшерлемені төмендетеді деп күтпейді. Capital Economics-тің бас экономисі Пол Дейлстің айтуынша, сәуірдегі өсімнің тоқтауы рецессияға қайту қаупін арттырған жоқ және бұл құбылыс шынымен ауа райына байланысты болса керек. Алда негізгі мөлшерлеме мен инфляция төмендеп, Британия экономикасы қайтадан өсуге бет алады деп санайды экономист.
GameStop өз акцияларының құбылуынан 2,14 млрд доллар тапты
Жақында әлеуметтік желілерде «Roaring Kitty» деген атпен танымал трейдер Кит Гилл туғызған нарықтағы дүрбелең кезінде GameStop 75 млн меншікті акциясын сатты деп хабарлайды CNBC. Сөйтіп компания инвесторлардан 2,14 млрд доллар тартқан.
Сөйтсе де, 6 маусым күні компания акциялары арзандады. Өткен аптада 2024 жылдың бірінші тоқсанының есебін жариялағанда табыстың 29%-ға төмендегенін хабарлады. Сөйткені мұң екен, бір күнде қағаздары 40%-ға арзандады.
Ал Кит Гилл GameStop-тың 5 млн акциясы мен 120 мың колл опционын сақтап отыр. Егер акциялар 21 маусымға қарай 20 доллардан жоғары бағаға сатыла бастаса, Кит коллдарының әрбірін 20 долларға сата алады дейді CNBC.
JP Morgan клиенттері Үндістанның мемлекеттік облигацияларына инвестиция салып жатыр
2024 жылғы маусым айының соңында Үндістан жаһандық облигациялар индекстеріне енгізіледі. Он жылға жуық уақыт бойы талқыланып келе жатқан осы мәселе жөнінде 2023 жылдың қыркүйегінде оң шешім шығарылып, жарияланды да, содан бері JP Morgan клиентінің көбі осы елдің мемлекеттік қағаздарына тікелей инвестиция салуға көшті деп хабарлайды Reuters.
«Қандай жағдайда да, индекске қосылғаннан кейін Үндістанға 20–25 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылады деп күтеміз», – деді J.P. Morgan-дағы жаһандық индекстік зерттеулер бөлімінің жетекшісі Глория Ким.
Бастапқыда нарықта Үндістанның қысқа мерзімді бондтарын көбірек сатып алған трейдерлер енді, тікелей инвестиция салу мүмкіндігі пайда болысымен, ұзақ мерзімді облигациялар алуға көшті. Қазір шетелдіктер ең көп иеленетін бағалы қағаз – 2033 жылы өтелетін 7,18%-дық облигациялар (11,7%) мен 2028 жылы өтелетін 7,06%-дық облигациялар (9,6%).