Жаңалықтар

«Пархамды жеңгім келеді» – гроссмейстер Әлішер Сүлейменов Азия жасөспірімдерінің сұрақтарына жауап берді

Азия чемпионаты 20 маусымға дейін жалғасады /Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Алматыда  34 елден келген 650-ге жуық жас шахматшының басын қосқан жасөспірімдер арасындағы шахматтан 26-шы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионат барысында Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен   халықаралық гроссмейстер Әлішер Сүлейменовпен кездесу болды. Қазақстандық шахматшы Азия чемпионатына қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестермен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі.

Чемпионатқа қатысушыларды 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсенді жеңгеннен кейін жас гроссмейстердің өмірі өзгерді ме деген сұрақ қызықтырды.  

«Магнуспен ойындағы жеңістен кейінгі өмірдің жақсы тұстары мен қатар жаман жақтары да бар. Иә, танымалдық ьпайда болды. Бірақ бұл менің шахмат пен турнирлерді дамытуға жұмсағым келетін уақытты алады»,– деді Әлішер.

Азия чемпионатына қатысып жатқан жасөспірімдерді, әсіресе, жарысқа дайындық барысы жайлы сұрақтар қызықтыратыны, сөзсіз. Олар Әлішерден шахматқа күніне неше сағат уақыт бөлетінін және шахматшыларға жеңілістен қалай «жеңуге» болатыны жайлы сұрады.

«Аптасына 6-7 рет, күніне 6-7 сағат жаттығамын. Ал жеңіліске келетін болсақ, егер сізде таңдаған кәсіпке деген шын сүйіспеншілік пен құштарлық болса, сіз жеңілістер мен жағымсыз эмоцияларға әрқашан дайын болуыңыз керек. Кез келген жағдайға дайын болу керек. Өйткені, ең бастысы – алдағы мақсат», – деген халықаралық гроссмейстер жасөспірімдерге мотивация берді.

Ал арманың бар ма деген сауалға жауап берген Әлішер әлем чемпионы болғысы келетінін айтты.  

Қарсыластарының ішінде жақын арада кіммен ойнағысы келетіні туралы сұрағанда, Әлішер Сүлейменов жуырда Ақтөбе ашық турнирінде жеңіске жеткен ирандық гроссмейстер Пархам Мағсудланы (әлемде 2732, №19) атады. 

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Ал пәкістандық шахматшы Хафса Қамар жақсы сұрақ қойғаны үшін Сүлейменовтің қолтаңбасы бар шахмат тақтасын алды. Ол жаттықтырушылармен сабаққа және жас шахматшыларға арналған турнирлерге қатысуға жұмсалған барлық күш-жігер мен шығындардың қаншалықты ақталғаны жайлы сұраған еді.

Гроссмейстер барлық күш-жігерінің ақталғанын, қаншалықты күш салсаң, соғұрлым нәтиже де болатынын нық сеніммен айтты. 

«Бүгінгі күні Қазақстанда шахматты дамытуға жақсы жағдай жасалған. Бұрын мұндай жағдай болған жоқ. Жарысқа дайындалып, қатысуымыз үшін үлкен қолдау бар. Бұл жігерлендіретіні сөзсіз», – деді.

Азия шахмат федерациясының, Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан теннис федерациясының, Baluan Sholak Arena қолдауымен, «Freedom Holding Corp» компаниясының бас серіктестігімен KazChess ұйымдастырған жастар арасындағы Азия чемпионаты 20 маусымға дейін жалғасады. Жедел жарыстың қорытындысы бойынша қазақстандықтар әртүрлі жас санаттары бойынша 4 бірінші орынды жеңіп алып, командалық есепте 1-орынға ие болды.