Ұлттық қордың 2023 жылы 11,4% инвестициялық табыс тапқан. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұл – рекордтық көрсеткіш. Алайда сенатор Сергей Карплюк қазіргі бюджет саясаты қор табысын арттыра алатындай дәрежеде емес деп санайды.
Ұлттық банк дерегінше, қазіргі кезде Ұлттық қордағы жинақталған қаржы 60 млрд АҚШ долларын құрайды. 2023 жылғы инвестициялы табыс 6,2 млрд теңгені құраған.
Сенат депутаты Сергей Карплюк қордың инвестициялық табысына не себеп болғанын сұрады. Өйткені депутатттың пікірінше, қазіргі бюджет саясаты Ұлттық қор қаражатын көбейтуге ықпал етіп отырған жоқ. Қордан алынатын трансферт көлемі жыл сайын артып, ірі инфрақұрылымдық жобалар қор қаражаты есебінен қаржыландырылады. Одан бөлек былтыр ҚМГ-ның 20 пайыз акциясын сатып алуға қордан 1,3 трлн теңге жұмсалды.
«Үкімет түйткілді мәселелерін шешу үшін Ұлттық қордан қосыша трансферт ретінде қаржы ала береді», – деді ол.
Сенатордың сауалына жауап берген Тимур Сүлейменов кірістілікке сыртқы факторлар да әсер ететінін атап өтті. Десе де, қорды дұрыс басқарудың белгілі бір тәсілдері бар екенін жоққа шығармайды. ҰБ басшысы Ұлттық қордың 80% активі өте консервативті, сенімді, бірақ өте төмен кірісті бағалы қағаздарға, дамыған елдердің (АҚШ және Еуропалық Одақ) облигацияларына салынғанын еске салды.
Сүлейменов сонымен қатар 2018 жылдан Ұлттық қор активтерін қайта бөлу бойынша жұмыс басталғанын айтты. Дамыған елдердің бағалы қағаздарына қарағанда жоғары табыс беретін дамушы елдердің облигацияларына инвестициялай бастады.
«Акция көлемі де өсті. Былтыр акциялар 6,2 миллиард доллар инвестабыстың 25,5% өсім берді. Сондықтан бұл екі фактордың – жалпы нарықтық фактор мен дұрыс менеджменттің нәтижесі», – деді Сүлейменов.
Бұған дейін Сүлейменов Үкімет тек бюджет кірісіне сенсе ғана, Ұлттық қорда 2030 жылға қарай $100 млрд жиналатынын айтқан.
Сонымен қатар Ұлттық алтын-валюта резервтері 1 млрд долларға жуық өсіп, 36 млрд долларды құрады.
2024 жылдың 5 айында Ұлттық қорға 2,65 трлн теңге түскен. Соның ішінде 2,17 трлн теңгесі – мұнай компанияларынан тікелей түсетін салық. Алайда оның басым бөлігі жұмсалып кетті. Қазіргі кезде қорда 29,3 трлн теңге жинақталған.
2024 жылдың І тоқсанында Ұлттық қорды басқарудан 464 млрд теңге инвесттабыс түскен.
Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, есепті кезеңде қордан 2,45 трлн теңге алынған. Соның ішінде 1,58 трлн теңгесі кепілдік берілген трансферт болса, 861 млрд теңгесі – нысаналы трансферт. Қорды басқару және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығысты жабуға 5 айда 5,8 млрд теңге жұмсалған.
2024 жылғы 1 қаңтарда Ұлттық қор активтері 29,1 трлн теңгені құраса, 1 маусымдағы жағдай бойынша 29,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни мұнай секторынан қаржы тұрақты түсіп отырғанымен, ел үкіметінің қордан үздіксіз қаржы алуының салдарынан, Ұлтты қордағы қаржы 190 млрд теңгеге өскен.