Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Мәскеу биржасына (MOEX) салынған санкция Қазақстанға еш әсер етпейді деген пікірде. Бұл туралы Сенат кулуарында айтқан.
«Қазақстан қор биржасы (KASE) үшін ештеңе өзгермейді деген ойдамыз. Өйткені қазіргі кезде MOEX үлесі 13%-ды құрайды [MOEX биржасы KASE акцияларының 13,1%-ын иеленеді]. Санкция акциялардың 50 және одан да жоғары пайызын иеленген тұлғаларға қолданылады», – деді Сүлейменов.
Журналистер Ұлттық банк төрағасынан Қазақстан KASE акциясын Мәскеу биржасынан сатып ала ма деп сұрады.
«Халықаралық кеңесшілеріміздің кеңесіне сәйкес, әртүрлі нұсқаларды талқылап, жағдайды мұқият бақылап отырмыз», – деп жауап берді Сүлейменов.
Сондай-ақ Сүлейменов бұл жайт теңге/рубль бағамына қалай әсер етеді және Ресей валютасының Қазақстанға ағынын күту керек пе деген сауалға жауап берді.
«Жоқ, Ресейге санкция 2022 жылдан бері салынып келе жатқанын ескере отырып оны [валюта ағыны немесе ағыны] күтпейміз. Биржадан бөлек, оларда рубль/доллар жұбы сатылатын әртүрлі платформалар бар. Олар қазір осы балама сайттарға көшіп жатыр. Тиісінше, біз айтарлықтай әсерді көріп отырған жоқпыз», — деді Ұлттық банк басшысы.
АҚШ Мәскеу биржасына қарсы санкция енгізген соң, Ресей рублі құлдырады. Мәскеу биржасы валюта бөлімінде АҚШ доллары, еуро және Гонконг долларымен сауда жасау тоқтатылғанын хабарлады.
Дегенмен биржадан тыс саудада шетел валюталарымен сауда-саттық жалғаса береді. Ресейдің ақша айырбастау пунктерінде АҚШ доллары мен еуро 200 рубльге сатылып жатыр. Ал сатып алу бағамы – 50 рубль.
Енді Ресей Орталық Банкі АҚШ доллары мен еуроның рубльге қатысты ресми бағамын анықтау үшін есептері мен биржадан тыс сауда цифрлық платформаларынан алынған ақпаратты пайдаланбақ. Орталық банктің ресми бағамы бойынша, 1 АҚШ доллары 89 рубльге тең. Бұған дейін ресми бағам 90 рубльден жоғары болған.
Компаниялар мен жеке тұлғалар ресейлік банктер арқылы АҚШ доллары мен еуро сатып ала алады. Орталық банктің хабарлауынша Ресей азаматтары мен компаниялардың шоттары, депозиттеріндегі АҚШ доллары мен еуродағы бүкіл қаражатқа қауіп төніп тұрған жоқ. Өз шоттарындағы қаражатты еркін шығарып алуына мүмкіндік бар.
Мәскеу биржасына қарсы енгізілген санкция
12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын (MOEX брендімен жұмыс істейтін) SDN тізіміне енгізді. Бұл оның америкалық банктер мен депозитарийлердегі шоттарын бұғаттауды, сондай-ақ АҚШ азаматтары мен тұрғындары үшін ынтымақтастыққа тыйым салуды білдіреді.
Сонымен қатар компанияның SDN тізіміне енуі оның бүкіл серіктестеріне қайталама санкция қаупін тудырмайды. Тек еншілес ұйымының меншікті капиталының 50 пайызын иеленсе, шектеу енгізілуі мүмкін.
Санкция Қазақстан қор биржасына қалай әсер етеді?
Қазақстан қор биржасы (KASE) АҚШ-тың Мәскеу биржасына санкция енгізуі оған құқықтық тұрғыда әсер етпейді деп мәлімдеді. Өйткені Қазақстан қор биржасының капиталындағы ресейлік биржаның үлесі жеткіліксіз.
1 маусымдағы жағдай бойынша MOEX KASE орналастырылған акцияларының 13,1%-ына ие.
«OFAC-тың 14024 Атқарушы бұйрығына сәйкес, SDN тізіміне кірген жеке тұлға акцияларының 50% немесе одан да көп бөлігін SDN тізіміндегі жеке тұлға тікелей немесе жанама түрде бақылайтын адамдарға санкцияларын қолдану қаупін тудырады. KASE-нің мұндай тұлғаларға қатысы жоқ. Бұл шектеулер Биржа мен KASE клирингтік орталығының қызметіне ешқандай әсер етпейді», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты Қазақстан қор биржасы мен KASE клирингтік орталығы қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Сауда, клиринг және есеп айырысу стандартты ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 1 рубль 5,7 теңгеге тең.