Ресейге тыйым салынған тауар тасыған: тағы бір қазақстандық компания АҚШ санкциясына ұшырады
Қазақстандық тағы бір компания АҚШ санкциясына ұшырады. «КБР-Технологии» компаниясы Ресейге жоғары технологиялық өнім мен дрон жасауға керек жабдық жеткізген.
АҚШ Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне көмектескен 300 жеке тұлға мен компанияға қарсы санкция салды. АҚШ Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, компания Fabcenter, Ostec-Arttool Ltd, Ostec-SMT Ltd және Ostec-Integra Ltd компанияларына өнім жеткізіп отырған.
«КБР-Технологии» компаниясын 2022 жылы Петропавл қаласында ресейлік Евгений Костюк ашқан. Ол ресейлік Ostec Group компаниясында жұмыс істеген. Бұл компания ресейлік әскери-өнеркәсіп кешенін жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр.
Құжатта Ресей әскери техникасын қолдау және соғысты жалғастыруға қажет ресурстарды жеткізу үшін күрделі трансұлттық жеткізу тізбегін қолданатыны атап өтілген.
Аталмыш компания – 2024 жылдың ақпанында Власть басылымының қатысуымен жарияланған зерттеудің бас кейіпкерлерінің бірі. Онда журналистер қазақстандық компанияның Еуропадан жоғары технологиялық құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, Беларуське уақытша сақтау үшін жеткізіп, артынан ресейлік әскери мердігерлерге жеткізгенін анықтады. Бұл схема бойынша олар 5,9 млн доллар болатын санкцияға ұшыраған тауар алған.
Биыл мамыр компания иесін ауыстырды. Оны 2022 жылдан бері басқарған Жанат Ибраевтың орнына оның жаңа басшысы болып Диас Тұғынбаев тағайындалған. Биыл компания 58,4 миллион теңге салық төлеген. Egov сервисінде компанияның жалғыз құрылтайшысы Диас Тұғынбаев деп көрсетілген.
Былтыр жазда атын өзгертіп, Қазақстанда қайта тіркелген ресейлік компания АҚШ санкциясына іліккен болатын.
Бұған дейін Қазақстандық TOO Elem Group Еуропалық Одақтың санкциясына іліккен. Былтыр 19 қазанда Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған.