Жаңалықтар

Кәсіпті басқаруға арналған қазақ тіліндегі тұңғыш Darlean платформасы іске қосылды

Кәсіпті басқаруға арналған қазақ тіліндегі тұңғыш Darlean платформасы іске қосылды / Фото: DAR

Жаңа Darlean платформасының көмегімен бұрын ірі корпорациялардың қолданған технологияларын енді шағын бизнес те қолдана алады.

DAR компаниялар тобының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов кәсіпкерлермен эксперттік demo-talk кездесуі барысында шағын бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын Darlean платформасын таныстырды. 

Darlean  платформасын қазақстандық инженерлер жасаған. Олар әрі қолдау жағынан, атап айтқанда, оқытуға, клиенттермен жұмыс істеп, әкімшілерді дайындауға көмектеседі. Платформаның интерфейсі қазақша, орысша және басқа да тілдерде бар. Технология түрлі салада істейтін, 16-100 аралығында қызметкері бар компанияларға жақсы үйлеседі. ERP-жүйе SaaS форматында да, On-premise форматында да жұмыс істейді.  

Қазақстанда автоматтандыру арқылы операциялық шығындарын үнемдеп, өнімділігін арттыруға әлеуеті бар 415 мыңға жуық шағын сегментті компания бар. DAR компаниясының жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, бизнес ресурстарының шамамен 74 пайызын профильдік емес операцияларға жұмсайды екен.

«Кәсіпкерлермен жұмыс істей келе, олардың бетпе-бет келетін мәселелерін байқадық. Сөйтіп бухгалтерлік есеп, заңды қызметтер, маңызды құжаттарды сақтау сияқты мәселелерде процестерді автоматтандыруға көмектесетін шешім ұсынғымыз келді. Күнделікті мәселелерді бір батырманы баса салып тез шешуге болатындай қылсақ дедік. Міне, сондай мүмкіндікті Darlean платформасы ұсынады. Ол кәсіпкерге де, платформаны қолданатын қызметкерге де өте түсінікті әрі қарапайым. Ірі бизнестердің технологияларын шағын кәсіптің сұранысына сай трансформация жасадық. Осылайша автоматтандыру дәрежесі бойынша әлемнің жетекші компанияларымен иық тіресе алатындай мүмкіндік бергіміз келді», — дейді Әлидар Өтемұратов.

Платформа авторларының сөзінше, Darlean қазақстандық бизнестегі бұрыннан белгілі платформалармен бәсекелеспейді. Одан гөрі компаниялардың мүмкіндігін молайтып, барлық процесті бір платформаға синхрондау арқылы қызметкерлердің уақытын үнемдеуге көмектеседі. ERP-жүйе бизнестің барлық  қызметін компьютер арқылы да, мобайл режимде де автоматтандыра алады.

«Тайваньда жүргенде Darlean-ді сынап көрдім. Жұмыс барысында үнемі процесс те, келісімдер мен контрагенттер де көп болғандықтан, маған бұл өте қолайлы болды. Барлық жұмысты телефонмен істей бересің. Біреуді жалдап, код жазуды үйреніп жүрмейсің. Батырманы басып-басып түсініп аласың. Түрлі тапсырмасы бар ондаған адамның жұмысын бақылау керек болса, Darlean арқылы осы шаруаларды қолайлы әрі ың-шыңсыз істеуге болады», — деп ойын бөлісті Stupid Mad World арнасының негізін қалаушы Максим Якименко. 

Әдетте қағаздағы мәліметтерді ақпараттық жүйелерге ауыстырған кезде механикалық қателер кетіп жатады. Бұл жүйе сондай қателер факторын барынша азайтады. Кез келген құжатты автомат түрде толтырып, ЭЦҚ-мен қызметкер не контрагент қол қоя алатындай қылуға болады. Жасанды интеллект кірістірілген чат-бот көмегімен видео-кездесудің хаттамасын сұратып, сол жиналыстардың қорытындысына сай тиісті тапсырмалар беруге мүмкіндік бар.

Өнімнің ең маңызды ерекшелігі — компаниялар тобын не филиал желісін орталықтан басқару мүмкіндігі. Навигация өте қолайлы болғандықтан, бірнеше ұйым бірлігін бір мобайл қолданба көмегімен басқаруға болады.

«Платформа 11 модульден тұрады. Келесі релизде келісімшарттар мен төлемдерді қаржылық және заңдық тұрғыдан бақылауға мүмкіндік беріп, қызметкерлер білігін арттыруға арналған оқу модулін қосқымыз келеді. Клиенттер тарапынан қазірдің өзінде ұсыныс пен кері байланыс алып отырмыз. Сонымен қатар қолдану ыңғайлырақ болсын деп платформаның басты бетінің дизайнын да жақсартсақ дейміз», — дейді DAR компаниялар тобының басқарушы серіктесі Болат Садықұлов.