Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы қалада 50 блогерді «позитивті блог жүргізу» және жастарға қатысты мемлекеттік бағдарламаларды әлеуметтік желілерде жарнамалау негіздеріне оқытқысы келеді.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, басқарма жас блогерлер академиясын құрып, күндізгі тренинг ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жобаға барлығы 795 мың теңге жұмсалады. Жоба аясында патриотизмді арттыру челлендждерін бастайтын блогерлер қауымдастығы құрылуы тиіс. Авторлар саяси және қоғамдық оқиғаларға объективті шолулар түсіруді үйренеді.
Қатысушыларға қойылатын басты талап әлеуметтік желілердің бірінде 1000 жазылушысы болуы керек.
Өткен жылы мемлекеттік сатып алу порталында дәл осы қалалық Қоғамдық даму басқармасы жаңадан бастаған блогерлер академиясын құру туралы құжатты жариялаған. 597 мың теңгеге лотты Ұлболсын Төкеннің жеке кәсіпкерлік LUCK компаниясы жеңіп алған.
Kompra мәліметтері бойынша, компания нарықта тауарлардың бөлшек саудасымен айналысады. Сонымен қатар 9 сот ісіне қатысы болған. Олардың ішінде 6 іс мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзумен, келісімшартты орындау туралы даулармен байланысты.