Ұлттық банк Мәскеу биржасына тиесілі KASE акцияларын өз қаржысы есебінен сатып алуы мүмкін

Жарияланды
Ұлттық банктің KASE-де 47% үлесі бар / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан қор биржасының (KASE) акцияларын Мәскеу биржасынан (MOEX) кері сатып алу туралы шешім қабылданса, Ұлттық банк мұны өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Бұл туралы бас банк басшысы Тимур Сүлейменов Сенат кулуарында айтты.

«Ұлттық банктің KASE-де 47% үлесі бар. Бізде өз қаражатымыз бар. Егер бұл жағдай орын алса (биржа акцияларын сатып алу керек болса – ред.) біз сол қаражат есебінен KASE акцияларын сатып аламыз», – деді Сүлейменов.

Ол Мәскеу биржасынан акцияларды сатып алумен қатар басқа да нұсқалар қарастырылып жатқанын тағы да нақтылады.

Еске сала кетсек, АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасы PJSC, ұлттық клирингтік орталық (NCC) және ұлттық есеп айырысу депозитарийіне қарсы санкциялар салғаны белгілі болды.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша MOEX KASE орналастырылған акцияларының 13,1%-ына ие.

Қазақстан қор биржасы мен KASE клирингтік орталығы қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда. Сауда, клиринг және есеп айырысу стандартты ережелерге сәйкес жүзеге асырылады, деп сендірді KASE.

Мәскеу биржасына қарсы енгізілген санкция

12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын (MOEX брендімен жұмыс істейтін) SDN тізіміне енгізді. Бұл оның америкалық банктер мен депозитарийлердегі шоттарын бұғаттауды, сондай-ақ АҚШ азаматтары мен тұрғындары үшін ынтымақтастыққа тыйым салуды білдіреді.

Сонымен қатар компанияның SDN тізіміне енуі оның бүкіл серіктестеріне қайталама санкция қаупін тудырмайды. Тек еншілес ұйымының меншікті капиталының 50 пайызын иеленсе, шектеу енгізілуі мүмкін.

Санкция Қазақстан қор биржасына қалай әсер етеді?

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Мәскеу биржасына (MOEX) салынған санкция Қазақстанға еш әсер етпейді деген пікірде.

«Қазақстан қор биржасы (KASE) үшін ештеңе өзгермейді деген ойдамыз. Өйткені қазіргі кезде MOEX үлесі 13%-ды құрайды [MOEX биржасы KASE акцияларының 13,1%-ын иеленеді]. Санкция акциялардың 50 және одан да жоғары пайызын иеленген тұлғаларға қолданылады», – деді Сүлейменов.

Сондай-ақ оқыңыз