Әшімбаев Ұлттық қордың ҚМГ акцияларын сатып алуын тиімсіз тәжірибе санайды

Жарияланды
Маулен Ашимбаев назвал 20% долю акций КМГ в портфеле Нацфонда не ликвидной
Әшімбаев Ұлттық қордан квазимемлекеттік секторға қаражат жұмсау қордың қаражатын инвестициялау принципіне қайшы екенін айтты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық қордан квазимемлекеттік секторға қаражат жұмсаудың кемшіліктері жөнінде айтты. Сенат төрағасы ҚМГ сынды ұлттық компанияның акцияларын сатып алу тәжірибесін Ұлттық қордың жұмыс принциптеріне қайшы келетін фактор ретінде бағалады.

«Ұлттық қордың қаражатын түрлі жолдар арқылы белсенді пайдалануымыз қаншалықты орынды? Кепілдендірілген трансферт, нысаналы трансферт бар. Сонымен бірге квазимемлекеттік сектор облигацияларын сатып алуға жұмсаймыз. Енді қазір Ұлттық қорға флагмандық компаниялардың акцияларын сату инструменті пайда болды. Онда да қандай да бір шағын акциялар пакеті сатылып жатқан жоқ. «ҚазМұнайГаздың» 25 пайыздық акциялар пакеті сатылды. Мұның нәтижесі түбінде қандай болмақ? Қазір халық Ұлттық қорды өте мұқият бақылап отыр. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын да назарда ұстайды. Қанша қаражат бар, қандай табыс тапты, бәрі бақыланады», – деді Әшімбаев.

Сенат төрағасы «Қазмұнайгаздың» 25 пайыздық акциясын сатып алу – лигитимді әрі заңды құрал бола тұрғанымен, мұның тәуелсіз қор қаражатын инвестициялаудың принципіне қайшы келетінін айтты. Айтуынша, бұл акциялар өтімді емес. Өйткені ұлттық компанияның 25 пайыз акцияларын Ұлттық қор сатқысы келсе де сата алмайды.

«Оны сатуға ешкім рұқсат бермейтіні анық. Сәйкесінше, акция өтімді емес. Осылайша Ұлттық қордың жұмыс принципін бұзып жатырмыз. Мұны құрылымдау керек. Өйткені акциялардың мұндай үлкен пакеті Ұлттық қорда болуы дұрыс емес. Бұл бөлек мәселе. Оны әлі де қарастыру керек», – деді ол.

Әшімбаев қордың қаражаты түрлі қажеттіліктерге жұмсалмаса, Қазақстанның егеменді қоры 100-150 млрд доллар болатынын айтты. Мысалы, өткен жылдың өзінде квазигоссектордың облигациялар бойынша шығыны 60 млрд долларды құраған.

«30 жыл бойы мұнай мен шикізат экспорттап келген ел үшін 60 млрд доллар дегеніңіз салыстырмалы түрде соншалықты үлкен қаражат емес. Мәселен, Теңіз кен орнын игеріп жатқан Chevron компаниясының капитализациясы 300 млрд доллар. Яғни америкалық орта деңгейдегі компанияның табысы біздің тәуелсіз қорымызда 25 жылда жиналған қаражаттан бес есе көп. Егер біз жыл сайын түрлі тәсілдермен қордан трансферттерге, облигацияларға қаражат алмасақ, қордағы қаражат 100-150 млрд долларға жетер еді. Иә, облигацияларды сатып алуда тұрған ештеңе жоқ дерсіздер. Алайда біз облигациялар бойынша шығындардың бар екенін көріп отырмыз. Өткен жылы Ұлттық қордан сатып алынған квазигоссектордың облигацияларының шығыны 60 млрд теңгені құраған. Тек бір типтегі облигациялар бойынша көрсеткіш осындай. Бұл мүмкін лигитимді құрал шығар. Алайда квазимемлекеттік секторды қаржыландыру негізінде Ұлттық қор баламалы құралдар арқылы алуға болатын альтернативті табысын ала алмай отыр», – деді Сенат төрағасы.

Ол сонымен бірге Қазақстанның бюджеттік табысына қатысты кемшіліктерге де тоқталып өтті. Бюджеттің кірісі мен табысы арысында теңгерімсіздік салдарынан Ұлттық қордағы қаражат шығындалып жатыр. Бұл шығындар жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда бюджет шығындары 21 пайызға артқан.

«Бізге шығындарымызды табысымызға сай реттеу керек. Жыл сайын бюджет шығындарының өсуінің макроэкономикалық салдары болады. Экономикамыз соның кесірінен тежеліп жатыр. Бұл теңгерімсіздік экономиканың өсуіне алып келмейді»,- деді ол.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде Ұлттық банк Ұлттық қордың ақшасына ҚМГ акцияларын сатып алған болатын. Онда ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд доллар сатылғаны жазылған. 

Үкімет шешімімен Ұлттық қорға республикалық бюджетті қаржыландыру үшін ҚМГ акцияларын нарықтық құнынан жеңілдікпен сатып алуға рұқсат етілді, бұл ретте халықаралық SPO кезінде қор өз үлесін басымдықпен сатуға құқығы бар. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен стратегиялық инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болады.

ҚМГ-ның 67,42 акциясы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі болса, Қаржы министрлігі 20 пайыз акциясына иелік етеді. Сонымен қатар 9,58 пайызына Ұлттық банк ие.

Сондай-ақ оқыңыз