Sergek Group халықаралық байқауда үздік атанды
Future Digital Awards for Smart Cities & IoT Innovation 2024 халықаралық байқауында отандық IT-компания озық шықты. Sergek Group «Интеллектуалды трафик басқарудағы ең үздік шешім» (Best Smart Traffic Management Solution) аталымында алтын жүлдеге ие болды. Компания «Ақылды қалалардағы тұрақты даму және инновация» санаты бойынша жоба ұсынған.
Байқауды мобильді және цифрлы технология саласындағы жетекші сараптамалық компания «Juniper Research» ұйымдастырды. Аталған сыйлықтың үш санаты, яғни «заттар интернеті», «ақылды қалалар» және «төрешілерді таңдау» жыл сайын әлемнің түкпір-түкпіріндегі компаниялардың назарын өзіне аударады. Үміткерді іріктеу кезінде өнімнің инновациялары, сипаттамасы, артықшылығы, сертификаттары, халықаралық талаптарға сәйкестігі, бизнесті дамыту перспективалары сияқты критерийлер ескерілді.
Айта кетерлігі, бұған дейін байқаудың жеңімпаздары қатарында Amazon, Siemens, IBM және т. б. әлемге әйгілі компаниялар болған.
Sergek Group директоры Әсет Ахметовтің айтуынша, бұл байқаудағы жеңіс ақылды қалалар бойынша қазақстандық шешімдердің маңызын айқындайды. Осы уақытқа дейін номинанттар құрамына тек танымал трансұлттық корпорациялар кірген.
«Бұл біздің әлемдік аренадағы алғашқы жетістігіміз емес. 2020 жылдың желтоқсанында «Intelligent Transportation» санатында IDC Digital Transformation Awards сыйлығын ұтып алдық. Бұл аталымда зияткерлік көлік жүйелері саласындағы жобалар бағаланды. Бүгін мұны Future Digital Awards арқылы да растадық. Ақылды қалалар саласындағы озық тәжірибеміз тек Қазақстанда емес, ел сыртында да танымал болып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Өйткені біздің бағдарламаларымызды экспорттау – тек бизнес емес, сонымен қатар елдің әлемдік аренада танылуы», – деді Ахметов.
Қазақстанда «Сергек» жүйесі жылдан-жылға дамып келеді. Автожолдарда қар мен жауынға қарамастан, ұсақ бұзушылықтарды анықтайтын инфрақызыл сәулелі «Сергек» камералары көбеюде.