Президент туризмді дамыту жөнінде кеңесте біраз түйткілді мәселені атап өтті. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаев әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлы көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.
«Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономикада туризмнің үлесі 3,7%-дан 3,2%-ға дейін азайып кетті
Президент Үкіметтің инвесторлармен жеткілікті деңгейде жұмыс істей алмай отырғанын сынады. Туризм үшін инфрақұрылымдар желісін дамыту кенжелеп қалуда.
Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша Қазақстан туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Кейінгі төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.
«Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі», – деді Тоқаев.
«Теміржол саласы сын көтермейді»
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін айтқан еді. Қарызға белшеден батқан компания жаппай сын садағына ілінуде. Осы жолы Тоқаевтың өзі де темір жол саласына көңілі толмайтынын айтты.
«Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет», – деді Президент.
Автомобиль жолдарының сапасы да нашар екені айтылды. Мәселен, «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері аяқталмай келеді. Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары бойынша жобалар да созбалаңға салынды.
«Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін бюджеттік бағдарлама жасақталады
Президент туристік аймақтарда инженерлік инфрақұрылым сапасы өте төмен екенін айтты.
«Туристік базаларда энергия күші жетіспейді. Сол себепті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Соның салдарынан адамдарға қатер төнеді. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұрмыстық техника жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер құралдардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланысты зор шығынға батады», – деді Тоқаев.
Президент туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясы, кәріз жүйесі, тазарту құрылғылары, ауыз су және кіреберіс жолдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Бурабай аймағын дамыту баяу жүргізілуде
Тоқаев Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту мәселесіне де тоқталып өтті.
«Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс», – деді Тоқаев.