AI-nxiety: жасанды интеллект жұмыссыз қалдырады деген уайымды қалай жеңуге болады?

Жарияланды
AI-мазасыздық деген не? / shutterstock.com

Жасанды интеллект өмірімізге еніп жатқаны сонша, кейінгі жылдары біраз саланың маманы осыған қатысты мазасыз күйге еніп жүр. «Жұмыссыз қалмаймын ба?» деген ой тыным бермеген кезде бұл күймен қалай күресуге болады? AI-мазасыздық деген не? Саланың асау қарқын алып жатқаны сонша, технология мамандары да «қорқа» бастады. Олай болса, мазасыздықтың жаңа түрі туралы не білуіңіз керек? Kursiv Media тілшісі тарқатады.

AI-мазасыздық деген не?

Байқасақ, жасанды интеллект адамның орнына біраз нәрсе жасай алады. Әлемнің түрлі тілінде сөйлесіп, диалог құра алады, әнге сөз жазады, емтихан сұрақтарын талдап, тапсыра бере алады. Егер ойыңызда жасанды интеллект сіздің жұмысыңызды тартып алып, болмаса жеке өміріңізге кері әсер етуі мүмкін деген қорқыныш болса, онда бәлкім сізде AI-мазасыздық бар шығар. Мұны ағылшынша AI-nxiety деп атайды. Ол AI (жасанды интеллект) және anxiety (мазасыздық) деген екі сөзден құралған. Бұл терминді америкалық бір маркетиң агенттігі ойлап тапқан. Сөйтіп әлеуметтік желіде қатты таралып кеткен. Жасанды интеллектінің шығармашылық қабілеттерге әсер етуі мүмкін деп уайымдайтын күйді осы терминмен сипаттайды.   

Бұл күй қалай пайда болады?

Көбіне мұндай мазасыздық болашаққа деген анық көрініс жоқ кезде, белгісіздік болғанда пайда болады. Одан бөлек, жасанды интеллектінің көмегімен рас-өтірігін ажырату қиын фейктерге генерация жасалатыны тағы бар. Ішіне жасанды интеллект кірістірілген роботтар да адамдардың бойында негатив әсер туындатуы мүмкін. Деректердің өңделуі мен белгілі бір ақпаратты жасанды интеллектінің әзірлеп бергені көпшілікке түсініксіз. Яғни қолданушы процестің қаншалықты объективті болғанын, дискриминация жасалмағанын тексере алмайды. Ондай кезде де адамның бойында бақылау жасай алмағанының салдарынан AI-мазасыздық туындайды. Бұл мазасыздық бірнеше фактордан тұрады. Оның ішінде бірнеше аспектіні ерекше атап өте аламыз: 

  • Әр адамда болатын мазасыздықтың базалық жеке деңгейі болады;
  • Жасанды интеллект туралы онша білмейтіндер AI тақырыбына қорқа қарайды. Өйткені көп нәрсе белгісіз;
  • Адамның қазіргі жай-күйіне де байланысты. Мысалы, дәл қазір өміріңізде күйзеліс деңгейі жоғары болса, онда жасанды интеллект араласқаны оған тіпті ауыр тиеді; 
  • Жалғыздық. Бойындағы үрейді, мазасыздықты бөлісетін адамы болмаса, онда уайым тіпті үдейді;

ЖИ-мазасыздықты не нәрсеге ұқсатуға болады?

Адамзат баласы технология дамыған сайын белгілі бір уайымға салынып отырады. Кезінде теледидар пайда болғанда да, компьютер мен телефон қолданысқа енген кезде де дәл осындай мазасыздық болған. Оны ғылыми тілде «технофобия» және «технопессимизм» деп атайды. Алғашқысы жаңа технологиялар шыққан кезде қорқып, үрей билеген кезде болады. Екінші феномен болса, бұл көбіне дүниетанымға қатысты ұстаным түрінде байқалады.

Яғни техникалық прогресті табиғат пен қоғам арасындағы үйлесімді бұзатын дүние деп есептейтіндердің көзқарасы. Жалпы алғанда технологияның кез келгені бастапқыда адамдарды үрейлендіреді. Бұл жерде бәрінде болатын иррационал ойлар жатады. Сонымен қатар сөзбен сипатталуы қиын, түсіндіре алмайтын қорқыныш та болады. Мысалы, видеолар пайда болғанда «енді жұрт кітап оқымайды, театрға бармайды» деп шыққандар болған. Ұялы телефон туралы да түрлі алып-қашпа әңгіме көп. IT-технологиялар дамуына байланысты туындаған уайымды «компьютерлік мазасыздық», «компьютерофобия», «технокүйзеліс» деп атайды. Ол терминдер сонау 1980 жылдары пайда болған. Көбіне AI-мазасыздықты экологияға қатысты уайымға ұқсатуға болады. Климат өзгергеніне байланысты жастар жағы қаттырақ уайымдап, күреске бел буады. Ал қоршаған ортаның деградациясы, қатты қарқынмен дамып жатқан дижитализация болса, кейбіріне бақылаудан шығып кетуі мүмкін қорқыныш болып көрінеді. Десек те, шектен тыс мазасыздыққа беріле берген жөн емес. Себебі ол адамның күнделікті қызметіне, денсаулығына кері әсер етеді. Бұл күймен күресу үшін қарапайым кеңестерді орындап жүрген дұрыс. 

Қалай күресуге болады? 

Әдетте мазасыздық күйіне қатысты реакция инстинкт деңгейінде қашқақтап, қарсыласу сезімін тудырады. Яғни неден қорықсаңыз, содан тығылуға тырысасыз. Болмаса, ашық түрде соған қарсы келесіз. Десек те, екеуінің де түбі бойыңыздағы мазасыздықты арттырып, күшейте береді. Егер шара қылмасаңыз, онда кетпей тұрып алады. Құтылғыңыз келсе, қорқынышпен бетпе-бет келуіңіз керек. Ал оны алдымен үйреніп алуға тиіссіз. Мына жағдайда жасанды интеллект арқылы жасалған технологиялар шешімдерді қолданысқа енгізіп, пайдасы туралы көбірек оқыған абзал. Мысалы, сіз жасанды интеллектінің мектеп бағдарламасына қолданылуына қатысты екіұшты ойлап, қорқатын болсаңыз, онда кемшілігін оқып, мазасыздықты күшейте бермей, керісінше артықшылықтары туралы да ізденіп көріңіз. Сөйтіп барлық аргументті бір жерге жиып, таразыға салып салмақтаңыз. Бұл кеңес бойдағы белгісіздік пен үрейді азайтуға көмектеседі. 

Тағы бір айта кететін жайт: жасанды интеллектінің заман ағымына қарай өмірімізге кірігіп кеткенін мойындау қажет. Технологияны тізгіндемесеңіз, онда белгісіз үрей тудыра береді. Шыны керек, қазір ЖИ өміріміздің бір бөлігіне айналып үлгерді. «Алисаға» сұрақ қойып, Siri-ге тапсырманы емін-еркен бере береміз. Netflix-тің бұрынғы қараған фильмдерімізге қарай жаңа топтама ұсынатыны да сәйкестік емес. Контент жасау үшін нейрон желілерін пайдалану да мүмкін іске айналып үлгерді.    

Мансап жолында жетістікке жетуге көмектесетін құрал деп қараңыз

Жасанды интеллект еңбек нарығына әжептәуір әсер етеді. Бірнеше жыл бұрын керек болған кей мамандық қазір түбегейлі автоматтандырылды. Дүнижүзілік экономикалық форумның 2020 жылғы баяндамасында келесі жылы, яғни 2025 жылға қарай 85 миллион жұмыс орнын жасанды интеллект басады деген болжам жасалған еді. Әйтсе де, есесіне 97 жаңа жұмыс орны пайда болады екен. Мұндай ақпаратты көп білгеніңіз үрейіңізді азайтады, солай емес пе? Бұл процеске дайындалу үшін жасанды интеллектіні құрал ретінде толыққанды қолданып үйреніп алу керек. Бастысы, біздің алдыңғы кезекте адам екенімізді ұмытпасақ болғаны. Дижитал машықты адами қабілеттермен қосып, керемет үйлесім жасаған жөн.

Офлайн үзіліс жасап тұрыңыз. Егер шамадан тыс жұмыс істеп, қажып кеткеніңізді сезсеңіз, онда дижитал құрылғы біткеннің бәрін сөндіріп, миыңызды тынықтырып алғаныңыз жөн. Бұл бағытта жасалған зерттеу көп. Солардың нәтижесіне сүйенсек, гаджеттер қолданысын неғұрлым азайтсаңыз, соғұрлым жақсырақ демалып, көңіл-күйіңіз қалыпқа келеді екен. Ал жасанды интеллектіге қатысты мазасыздық туған жағдайда оның пайдасын көруге тырысыңыз. Ол үшін AI-ды немесе басқа да дижитал құралдарды офлайн-өміріңізді жақсарту үшін қолданып көрсеңіз болады. Айталық, Google Maps арқылы жаяу жүргіншіге арналған жаңа маршрут жасатып, саябақта күнделікті қадамыңызды жасай аласыз. Одан бөлек, кешкі асқа не істеуге болатынын ChatGPT-ден көмек сұрап біліп алуға болады. Осылайша саябақта гаджетсіз серуендеп, кешкі астың қамымен жүрем деп телефонды ұмытып кетесіз. Бір қарағанда қарапайым кеңес боп көрінгенімен, күнделікті өмірде қолданысқа енгізсеңіз, мазасыздықты жойып, тұрмысты жеңілдетеді.

Мазасыздықты жеңу үшін профилактика жасау

Профилактика жасап тұрыңыз. Мазасыздықтың қай түрін болсын қалыпқа келтіру үшін оны екіге бөліп қарастыруға болады: алдын-алу яки профилактика және емделу. Бірінші жағдайда жасанды интеллект жайлы неғұрлым көп ақпарат алып, саналы түрде түсінуіңіз керек. Сіз нақты не үшін үрейленіп, мазасызданып тұрсыз? Соны анықтап, жағдайды өршітпестен реттеуге болады. Екінші емделу жағдайына келсек, ол жасанды интеллектіге қатысты мәселеде қатты мазасызданып, үнемі ой үстінде жүретіндер жайлы. Ондай кезде когнитив тәсіл қажет болады. Яғни өзіңізге сұрақ қою арқылы «ем жасап» көріңіз. «Мен не үшін үрейленіп тұрмын?», «Бұл жерде мені қатты алаңдататын не нәрсе?», «Жұмыссыз қаламын деген қорқыныш па, әлде жаңа толқынға ілесе алмай қаламын деген уайым ба?», «Ең қатты мазасыздық тудыратын не?» деген сынды сұрақтарға жауап іздеп көріңіз. Мысалы, сіз осы сауалдарды өзіңзіге қойдыңыз делік. Іштегі уайымның шеті шықты.

Енді психологтар бұдан кейінгі қадамды былай сипаттайды. Бір сауалдың жауабы табылған соң, оны әрмен қарай жалғастыру керек. «Жасанды интеллектінің кесірінен жұмыстан айырылып қалдым делік. Ол кезде не болады?». Осы абстракцияны түбіне дейін жеткізу шарт. «Жұмыстан шығып қалғаннан кейін не істеймін? Не болады?». Осылайша сұрақты қуалай келе ең негатив шегіне жеткенше жалғастырыңыз. Сол қорытындыға енді анализ жасап, соңында «Егер шынында мен ойлағандай бәрі жаман аяқталатын болса, не істеймін?» деген қорытынды сұрақты қоясыз. Осылай сұрақтан сұрақ туып қуалаған кезде іштегі қорқынышты елестетіп, бетпе-бет келесіз. Ол болса, сізге сонымен күресуге көмектеседі. Ал енді соның өзінде жүрек тыным таппаса, онда психолог, психотерапевт мамандардың көмегіне жүгінген жөн.    

Сондай-ақ оқыңыз