ЭКСПО өзін-өзі ақтады деп айта алмаймын – Әлихан Смайылов
Биылдан бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ірі компанияларына да аудиторлық тексеріс жүргізіледі. ЭКСПО ғимараттарына жұмсалған қаржыға да аудиторлық тексеру жүргізіледі. Бұл жайында Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Сенат куларында БАҚ өкілі ЭКСПО ғимараттарын салу үшін әскерилердің зейнетақысы жұмсалғаны жөнінде әңгімелер әлі күнге дейін қоғамда қызу талқыға түсетінін еске салды.
«Мысалы, әскерилер Астанаға келген кезде ЭКСПО-ны біздің зейнетақымызға қалай салыпты деп те әзілдейді. Сіз қалай ойлайсыз ЭКСПО ғимараттарын салуға аудит жүргізу керек пе? Әлде ол нүктесі қойылған мәселе ме?»,- деп сұрады Жоғары аудиторлық палата төрағасынан БАҚ өкілі.
Смайылов жауабы
Әлихан Смайылов бүгінде өзі басқарып отырған аудтиорлық палатының құзыреті кеңейіп жатқанын айтады. Оның айтуынша, былтырдан бастап мемлекет басшысы жоғары аудиторлық палатаға қосымша тағы екі функция берген.
«Біріншіден, жергілікті бюджеттердің игерілуін және активтерін басқару бойынша аудит жүргізу. Екінші, басқа мемлекеттік аудиторлық органдардың жүргізген аудиторлық іс-шараларын қайта қарап, аудит шарасын қайта жүргізу. Біз квазимемлекеттік сектордың компанияларына егжей-тегжейлі олардың жұмыстарына тексеру аудитін жүргізіп жатырмыз. Мысалы, кеше ғана Мәжілісте көлік саласында болып жатқан жағдайды баяндап бердік. Оның ішінде ҚТЖ жұмыстары. Биыл тағы да «Самұрық-Қазынаның» ірі компанияларын тексеретін боламыз. ЭКСПО-да квазимемлекеттік компания ғой. Өз кезегінде оны да тексереміз»,- деп жауап берді Смайылов.
ЭКСПО ғимараттарына жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтап жатыр ма деген сұраққа Смайылов былай жауап берді.
«Қазір олардың табыстары ұлғайды. Бірақ толығымен өзін-өзі ақтап жатыр деп айта алмаймын», – деді.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын кім басқарды?
Айта кетейік, Қазақстанда ЭКСПО көрмесі 2017 жылы өтті. Астана қаласында өткен көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан. Оны 3 миллионнан астам адам тамашалады. Көрме кешенінің жалпы ауданы 174 гектарды құрады.
Көрме кешені 2014 жылы салына бастады. Құрылыс жанжалсызх болмады. Мысалы, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясын екі жарым жыл басқарған Талғат Ермегияев мемлекеттік мүлікті жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Онымен бірге тағы 23 адам, оның ішінде осы ұлттық компанияда басшылық лауазымдарды атқаратын адамдар болды. Ұрлықтың жалпы сомасы 10,2 млрд теңгені құрады. Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал 2021 жылы Қазақстан Дубайдағы Expo-2020 көрмесіне қатысты. Көрме пандемияға байланысты бір жыл кешігіп барып ашылды. Қазақстан павильоны үш қабатты алып жатты және төрт көрме аймағына бөлінді. Бұл көрмеге қатысу үшін Қазақстан 9 млрд теңге жұмсады.