Жаңалықтар

Қазақстанда бес жылда қоқыс қалдықтарының көлемі 2,4 есеге өсті, оның 71%-ы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі 

Қазақстанда 4,1 миллион тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілген, оның тек 24%-ы ғана қайта өңделеді / Фото: архив kursiv.media

Қазақстанда бес жыл ішінде қалдықтардың көлемі 2,4 есеге артты. Оның басым бөлігі, яғни 71%-ы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Осындай статистикалық дерек келтірген Сенатор Ернұр Әйткенов Экология министрі Ерлан Нысанбаевтан мәселенің қалай шешіліп жатқаны туралы сұрады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 3016 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болған және олардың тек 21 %-ы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

«Жоғары аудиторлық Палатаның қорытындысына және Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде қалдықтар көлемі 2,4 есеге өсіп, әр жыл сайын 1 млн тоннадан асты. Қалдықтардың ең көп үлесі тау-кен өнеркәсібінде қалыптасты-70,7%. Мұндай жағдай өңдеу өнеркәсібінде де байқалады, онда 5 жыл ішінде қалдықтар көлемі 6,4 есеге өсті», – деп мәлімдеді Ернұр Әйткенов Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор мәлімдегендей, биыл Қазақстанда 4,1 миллион тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілген, оның тек 24%-ы ғана қайта өңделеді.

«Қазақстанның жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай біз тұрғындарды қалдықтарды шығару қызметтерімен 100% қамтамасыз етуіміз керек (қазіргі қамту 81%) және қалдықтарды қайта өңдеудің 40%-на (қазіргі 24%) қол жеткізуіміз керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдер айналмалы экономика қағидасы бойынша қайталама шикізатты экономикалық айналымға қайтаруда», – деді ол.

Сенатор министр Ерлан Нысанбаевтан аталған мәселелердің қалай шешіліп жатқанын сұрады. Сондай-ақ қайталама шикізатты қайта өңдеушілерге арналған жол картасының бар-жоғын мен инвесторларды тартудың тетіктері туралы түсіндіріп беруін жеткізді.

Сенатор сұрағына жауап берген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл 10 маусымда Президент Жарлығымен қалдықтарды қайта өңдеу бөлігінде «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті.

«Біз белгілі бір мақсаттар қойдық. Дұрыс айтасыз: халықты қалдықтарды жинау және шығару қызметімен қамту тұрғысынан  бұл көрсеткішті 100% – ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Полигондар үлкен проблемалардың бірі болып қала береді – заңдастырылған полигондардың үлесін 2050 жылға қарай 100% – ға, ал кәдеге жарату мен қайта өңдеуді сол жылға қарай 60% – ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз»,  – деді министр.

Оның айтуынша, бұрын тұжырымдамада бұл көрсеткіштер бөлінбеген және «қалдықтар» деген жалпы атаумен аталып келген. Енді олар өндірістік және коммуналдық қалдықтарды деп бөлінеді. Бүгінгі күні барлық осы индикаторларға қол жеткізу бойынша нақты көзделген іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл құжат келісу рәсімінен өтіп жатыр.

Министрдің айтуынша, бүгінде жоғарыда аталған жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүзеге асыратын 70-тен астам компания өтінім берген. Оның 20-сы қабылданып мақұлданды, қаржыландыру басталады. Бұл мақсаттарға 3,6 млрд теңге бөлінді. Нысанбаев қалдықтарды басқару бағдарламалары әзірленетінін және оның орындалуы комитет тарапынан қатаң түрде қадағаланады деп сендірді.

Қоқысты қайта өңдеу жобаларына қанша қаржы жұмсалады?

Еске салсақ оыған дейін, Экология вице министрі Мансұр Ошурбаев «Жасыл даму» АҚ-ның утильалымнан жиналған қаржының 200 млрд теңгесі қоқыс өңдеу жобаларына жұмсалатынын мәлімдеген болатын. Айтуынша, утильалымнан бөлек, басқа да маңызды жобалар назардан тыс қалмауы керек. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Бүгінде оның 111 млрд теңгесіне тиісті жобалар әзірленген. Оның 55 млрд мөлшеріндегі қаржыға 5-6 жоба мақұлданған.

«Өңірлерге барсаң, қоқыс тасымалдайтын әлі сол 80-90 жылдардағы көліктер.  Енді әкімдіктерге тапсырма берілді. Олар инвесторлар табуы керек.  Инвесторда жоба құнының 20 пайызы болса жеткілікті. Қалған 80 пайызы «Жасыл даму» АҚ  төленеді.  Жоба бағдарламасы бойынша барлық өңірлерде  қоқыс өңдейтін зауыттар салынуы керек»,  – деп түсіндірді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

Спикер атап өткендей, елімізде қайталама шикізат жоқтың қасы. Ал мұны өндіру – кәсіптің бір түрі екенін айтады.

Сондай-ақ Экология министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жалпы құны 170 млрд теңгеден асатын 37 қоқыс өңдеу зауыты салынатынын мәлімдеген еді. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда министрлік 45 жобаны пысықтаған.