Жақсы болжамнан кейін, Adobe акциясының бағасы көтерілді

Жарияланды

Adobe акциясы тоқсандық есептің жақсы көрсеткіштері мен жағымды болжамнан кейін 16%-ға қымбаттады / Фото: Shutterstock

Бейне өңдеу бағдарламасын жасау бойынша әлемдегі ең ірі компания – Adobe-тың қаржылық нәтижесі нарық күткен межеден асып түсті. Компанияның жылдық болжамы жақсарып, жасанды интеллектіі көмегімен атқарылатын қызметін ақшаға айналдыруда жетістікке жетті. Осыдан кейін компания қағаздарының бағасы да күрт өсті.

Тоқсандық нәтиже және болжам

Adobe-тың өткен (31 мамырда аяқталған) қаржылық тоқсандағы кірісі бір жыл бұрынғыдан 10%-ға – 5,31 млрд долларға өсті. Бұл кіріс компанияның өзі күткен 5,25-5,3 млрд доллардан да, Уолл-стриттің 5,29 млрд доллар болады деген консенсустық болжамынан да асып түсті деп жазады Barron’s.

Компания ағымдағы қаржылық тоқсанда егер 5,33 – 5,38 млрд доллар аралығында кіріс түссе, онда бір акцияның түзетілген пайдасы 4,5-4,55 доллар аралығында болады деп топшылайды. Ал LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар бір акцияның түзетілген пайдасы 4,48 доллар, ал түсім 5,4 млрд доллар болады деп болжады дейді CNBC.

Сондай-ақ Adobe те жылдық болжамын жақсартты: компания егер 21,4 – 21,5 млрд доллар аралығында түсім түссе, шамамен, әр акцияның түзетілген пайдасы 18-18,2 доллар болады деп топшылайды. Ал компанияға қатысты жылдық консенсустық болжам – бір акцияның түзетілген пайдасы 18,02 доллар, ал жалпы кіріс 21,46 млрд доллар болып тұр.

Жасанды интеллектіні ақшаға айналдыру

Инвесторлар суретпен жұмыс істей алатын нейрондық желілердің көбеюіне байланысты, Adobe бағдарламасына сұраныс төмендеуі мүмкін екеніне алаңдайды деп жазды Bloomberg. Дегенмен компания Photoshop-қа және басқа да өнімдеріне өзінің ЖИ функциясын енгізу арқылы тұтынушыларының көңілінен шықты. Мұны қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруынан көруге болады деп жазады Bloomberg. Жаңа цифрлық медиадан түсетін жылдық таза тұрақты кіріс (Net new digital Media Annualized Recurring Revenue, ARR) көрсеткішін Adobe мұқият қадағалап отырады. Өткен тоқсанға қатысты осы көрсеткіш 487 млн доллар болды. Бұл – компанияның 440 млн доллар болады деген болжамынан әлдеқайда жоғары.

Barron’s Adobe Systems-тің басшысы Шантану Нарайеннің: «Біз Digital Media және Digital Experience сегментінде ЖИ-дің жаңа технологиясын ақшаға айналдыруда алғашқы жетістікті көріп отырмыз», – деген сөзін жариялады.  

Adobe қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруына ЖИ-дің нақты қанша үлес қосқанын ашып көрсетпеді. Adobe-тың қаржы директоры Дэн Дурн Barron’s-ке тек Adobe-тың Firefly AI бағдарламасы арқылы тоғыз миллиард кескін жасалғанын мәлімдеді. Ал мамырда Firefly AI басқа айлармен салыстырғанда, әлдеқайда көбірек кескін өңдеген.

Акцияның жайы

Adobe бағасы 2023 жылы 77%-ға өсті. Бірақ осы жылдың басынан бері 23%-ға төмендеген болатын. Тоқсандық есеп шыққаннан кейін, компанияның акциясы 13 маусымда Нью-Йорктегі постмаркетте 16%-ға қымбаттады.

FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылардың көпшілігі, яғни 43 адамның 31-і Adobe акциясын сатып алуды ұсынады. Он сарапшы компанияның қағаздарын инвестициялық портфельде ұстай тұруға, ал екеуі сатуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыз