Жаңалықтар

Tesla акционерлері Илон Маскқа рекордтық сыйақы төлеуді қолдады

Акционерлер Илон Маск компанияда атқарған жұмысы үшін 56 млрд доллар сыйақы алуы керек деп санайды / Фото: Reuters / Mario Anzuoni

Бейсенбі, 13 маусымда, Tesla акционерлерінің жиналысында компанияның Бас атқарушы директоры Илон Маскқа 56 млрд доллар сыйақы пакетін төлеу мақұлданды. Егер мемлекеттік сот төлем жасауға кедергі жасаса, онда акционерлер «Б» жоспарына көшеді. Олар компанияның заңды тіркеуін Техас штатына көшіруді қолдады деп жазады Bloomberg.

Толығырақ

Электромобиль өндірушісі Tesla Остинде өткен жиналысындағы акционерлердің дауыс беру нәтижесін жариялады. Акционерлер 2018 жылғы келісімшарт бойынша Бас директор Илон Маскқа тиесілі 55,8 млрд долларлық өтемақы пакетін төлеуге шешім қабылдады. Осыдан сәл бұрын Масктың өзі әлеуметтік желіде «үлкен басымдықпен» жеңіске жеткенін жазды.

Бұл хабарламадан кейін компанияның акция бағасы 3%-ға жуық өсті. Содан кейін – дауыс берудің ресми қорытындысы жария болған соң, постмаркетте тағы 0,12% қосылып, баға 182,7 долларға көтерілді. Piper Sandler талдаушысы Александр Поттер Bloomberg-ке «егер акционерлер қарсы дауыс берсе, баға күрт құлдырайды, бірақ акционерлер оң шешім қабылдаса акция дәл солай күрт қымбаттамауы мүмкін», – деген еді.

Маск сыйақысын ала ала ма?

2018 жылы Tesla акционерлері Маскқа сыйақы төлеу жөніндегі келісімді мақұлдаған болатын. Бұл келісімшарт бойынша Маск тұрақты жалақының орнына компанияның капиталы 50 млрд долларға өскен сайын, Tesla акциясының 1%-на ие болуы тиіс еді. Сондай-ақ ол осындай транштың 12-сін алуға құқылы.

Сол тұста Tesla-ның нарықтағы құны шамамен 52 млрд доллар болды. Болжам бойынша, Маск оны 12 есе – 650 млрд доллардан аса өсіруі тиіс еді. Компания бұл межеге 2020 жылдың желтоқсанында жетті. Bloomberg миллиардерлер индексіне сәйкес опциондардың қазіргі құны 13 маусымда сауда жабылған кезде 48,4 млрд долларға жетеқабыл болды. Маск қазір Tesla акцияларының, шамамен, 13%-на ие. Енді өтемақы жөніндегі келісім бойынша опциондарды іске асыру оның үлесін шамамен 21%-ға дейін арттырады.

Қаңтар айында Делавэр соты «Директорлар кеңесі мүшелерінің мүддесіне қайшы келеді әрі компания төлем шарттарын ашып көрсетпеді» дегенді желеу етіп,  сыйақы пакетінің күшін жойған болатын. Енді акционерлердің дауыс беруінен кейін компания аппеляциялық шағым түсіреді. Оны сот 8 шілдеде қарайды. Егер бұл апелляция сәтсіз болса, компанияның ресми кеңсесі Техасқа көшеді. Сот жүйесі қолайлы жаңа штатта Директорлар кеңесі Маскқа бонус төлеу жөнінде қайта дауыс бермек деп хабарлайды Bloomberg.

Кейбір инвесторлар егер жұмысына сыйақы төленбесе, Маск компаниядан кетіп қалады деп қауіптенеді.

Акцияның жайы

Жыл басынан бері Tesla құны S&P 500 индексінің 14%-ға өсуімен салыстырғанда, 26,6%-ға төмендеді. Компания акциясының бағасы бойынша Уолл-стриттің консенсустық болжамы 182,8 доллар болып тұр. MarketWatch мәліметтері бойынша, Tesla қағаздарын бақылайтын 53 сарапшының 22-сі оларды сатып алуға кеңес береді. 21-і бұрын сатып алынған акцияларды ұстай тұруды, ал 10-ы сатуды ұсынады.