Құрбан айт. Мал басы қанша тұрады?

Жарияланды
Өңірлердегі баға алшақтығы өте жоғары болып тұр /коллаж kursiv.media бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы 2024 жылы мұсылмандардың басты діни мерекелерінің бірі саналатын  Құрбан айт мейрамын 16 маусымға бекітті. ҚМДБ өз тарапынан  коронавирустан бері онлайн құрбандықты қолға алған болатын. Биыл да мұсылмандар  діни басқармасы Қазақстандықтарға онлайн құрбан шалу үшін кезекті qurban2024.kz  интернет веб-сайтын іске қосты. Басқарманың мәліметінше 18-ші маусым күні сағат 12:00 ге дейін Қазақстандықтар онлай құрбан шалуға тапсырыс бере алады.  ҚМДБ ұсынған онлайн құрбан шалу сайтында өңірлер бойынша мал бағасы және оның түрлері бекітілді.

Өңірлерде ірі қара бағасының алшақтығы 250 мың теңге

Онлайн құрбан шалу платформасында 4 мал түрін құрбандыққа шалу ұсынылған. Олар: сиыр (ірі қара), түйе, қой және ешкі. Өңірлердегі баға алшақтығы өте жоғары болып тұр. Мысалы, Абай облысының тұрғындары 65 мың теңгеге қой  тапсырыс берсе, Маңғыстау, Қостанай, БҚО, Атырау облыс тұрғындары дәл сол мал түрін 85 мың теңгеге тапсырыс бере алады. Ірі қара (оның ішінде сиыр) бағасының өңірлер арасындағы баға алшақтығы 250 мың теңгеге дейін жетіп отыр.

Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы ҚР Статистика Бюросы ұсынған мал түрлері бойынша бағаға тоқталар болсақ, республика бойынша саулық  қойдың орташа бағасы -63 357 теңге. Ал ірі қара (сиыр) -373 863 теңгені құрап отыр. Ешкінің орташа бағасы-38 681теңге болса, қошқардың құны-70 747 теңге.  

ҚР ҰСБ мәліметінше Алматы мен Астана қалаларында қойдың тек 2500 бас қана тіркелген. Түркістан облысында қойдың тіркелген саны-5,2 млн бас болса, Солтүстік Қазақстан облысында- 5,5 млн бас тіркелген. Алматы қаласын қой етімен қамтамасыз етіп отырған  Алматы облысында 4 млн-ға жуық қой бар.

Ал, Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші түйе Маңғыстау облысында тіркелген. Ірі қараға келетін болсақ, олардың басым бөлігі  Оңтүстік пен Шығыс Қазақстанда шоғырланған.

Қандай мал түрін құрбандыққа таңдаған дұрыс?

ҚМБД-нің мәліметінше, құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі.

1. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды.

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу болу керек.

2. Кемшілігі жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.

3. Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. Бір жасқа толмаған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Дегенмен сақтық ретінде бір жасқа толған қойды шалған абзал.

Құрбан шалу уақыты?

«Құрбан шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.

Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады. Қазақ дәстүрінде орындалатын «шектік рәсімі» осыған ұқсас.

Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген. Сондай-ақ, құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал» – дейді ҚМДБ.

Сондай-ақ оқыңыз